ДАҒДЫ

lat: DAǴDY

алғашқыда саналы орындауды қажет ететін іс-әрекет бөліктерінің қайталап жаттығудың нәтижесінде автоматталынуын дағды деп атайды. Дағды санасыз қайталау нәтижесінде де қалыптасатын іс-әрекет болуы мүмкін. Соның нәтижесінде ол автоматталған әрекетке айналып, оңай, шапшаң әрі дәл орыңдалып отырады. Дағдының физиологиялық негізі динамикалық стереотип. Мыс., алғаш жазып үйрене бастаған бала бастапқы кезде өзінің барлық қозғалыстарын санасымен бақылап, көптеген артық қимылдар жасайды (оның бет әлпеті, бүкіл денесі, аяқ-қолы бір мақсатқа бағытталады), біраз қиналады. Ал жазуға төселген адам өз қозғалыстарын байқамайды, оның орнына жазған нәрсесінің мазмұнына ерекше зейінін бөледі. Өйткені, соңғыда жазу дағдысы автоматталынған. Дағдылануда іс-әрекеттің тұтас өзі емес, жеке компоненттері (құрамдары) ғана автоматталынады. Дамыған дағдылардың кейбір белгілері: 1) Дағды алудың белгісі әртүрлі амалды тез орындап, шапшаң қимылдау (мыс., спорттық ойындардағы спортсменнің дағдысы); 2) Дағды қалыптасқаннан кейін күштеніп, зорланып, қиналып істеу жойылады (мыс., инеге жіпті жылдам сабақтай алмау, жазуға төселмей тұрғандағы балада байқалатын ебедейсіздік т.б. адамда әлі де дағдының жоқтығының белгісі); 3) Дағдыланудың үшінші белгісі бірқатар жеке амалдарды біріктіріп, одан тұтас бір амал жасай алу. Мыс., бала алғаш әріпті танығанда, сөздерді әріпке, буынға, тұтас сөзге бөледі, кейін осыдан сөйлем құрайды. Сөйтіп, жаттыға келе бұлай кібіртіктеп отырмайды, сөйлемдерді шапшаң оқитын болады; 4) Көзбен бақылаудың маңызы кеміп, қозғалыс пен бақылаудың маңызы артады (мыс., жазу дағдысы баланың қозғалыс түйсіктерінің жетіле түсуін қажет етеді, тәжірибелі машинистка да қағаз басуда көздің көмегіне сүйенбей, саусақтардың қимыл-козғалыстарына ерекше көңіл бөледі); 5) Дағдыға машықтану үшін алдын ала қабылдай алу қабілетінің болуы, мыс., машинистка мәтінді көшіргенде, әрдайым оның көзі алға жүгіріп, қолынан озып кетіп отырады. Қолы бір сөзді басқан кезде, оның ойында бірер сөз әзір тұрады. Мәнерлеп оқуда да көз бірер сөздің көлемінде болмай, тұтас сойлемді, тіпті бірнеше сөйлемді қамтиды. Адам мәтіннің мағынасын түсінумен қатар алдағы сөздердің мағынасын да аңғара алады. Мұны психологияда дағдының антиципациясы (лат. антиципатио деген сөзі, қаз. күні бұрын біліп қою деген мағынаны білдіреді). Дағды адам әрекетінің қай-қайсысында да ерекше маңызды орын алады. Дағдының арқасында біздің санамыз қызметтің түпкілікті, шешуші кезеңдеріне жұмылдырылып табысты болуын қамтамасыз етеді. Дағдылар сенсорлық (тікелей кабылдау) және интеллектілік дағдылар болып бөлінеді. Дағды көп рет қайталаулар арқылы автономды орындалуға бейімделген іс-әрекет. Дағды бірнеше рет қайталаулардың нәтижесінде пайда болған және оның саналы қадағалауының қысқартылуымен сипатталатын жеке әрекеттер операцияларды орындаудың таптаурын тәсілі. Дағды бірнеше түрлері бар: перцептивті, интеллектуалдық, козғалыс және мінез- құлық дағдылары. Перцептивті Дағды жақсы таныс заттардың тану белгілерінің бірмезгілдік, таптаурын бейнелеуі. Интеллектуалдық  Дағды белгілі бір сыныпқа кіретін есептер мен тапсырмаларды шешудің таптаурын тәсілдері. Қозғалыстық Дағды таптаурын әрекеттер, жақсы қойылған қимыл-қозғалыстардың жүйесі. Қозгалыс дағдыларына әрекеттің әдетті құралдарын таптаурын түрде пайдалану да кіреді. Дағды әртүрлі дәрежедегі жалпылаумен олардың әртүрлі жағдаяттарды қамтумен, икемділікпен, тез жүзеге асырылуға даярлықпен сипатталады. Дағды деңгейіндегі әрекеттер оның кейбір реттеу компоненттерінің көрінбеуіменолмауымен) ерекшеленеді. Осылайша, мыс., жазу дағдысында оны қалай орындау жөнінде ойлаудың қажеттілігі болмайды. Сондықтан көптеген үйреншікті әрекеттер адаммен автоматизацияланады да, адамның саналы іс-әрекетіне күш түсірмейді. Ал оны басқа едәуір күрделі міндеттерді орындауға бағыттайды.