ЖАУАПКЕРШІЛІК

lat: JAÝAPKERSHİLİK

адамның белгілі бір іске, тапсырылған міндетке жауапкершілікті қарап, оны қалай да орындап, жүзеге асырып отыратын адамгершілік қасиеттің көрінісі. Жаупкершілік біріншіден, адамның міндетті ісін орындап шығу үшін сол жүмыстың мән-жайын жете түсініп үнемі мезгілінде атқарудың әдіс-тәсілін қарастырады. Екіншіден, орындаған ісінің өзі мен өзгелерге нендей нәтиже беретінін айқын аңғарып, көпшілікке, қауымға тигізетін пайдасын ойластырып, азаматтық борышын орындайды. Үшіншіден, жеке басы мен қоғам алдында атқарған еңбегінің жемісті екеніне көзі жетіп, барлық қажеттіліктерді қанағаттандырудың негізі еңбек екендігін терең ұғынатын болады. Сөйтіп, қоғам алдында азаматтық борышын атқаруымен бірге, өз басына жүктелген жауапкершілікті орындап шығу кісілік беделді қалыптастырып, іскерлікті шыңдайды. Жауапкершілік адамның міндетті істі атқаруымен бірге, оның мінезіндегі ерік-жігерін, қайраттылығы мен табандылығын көрсететін ерік сапалары болып саналады. Жүктелген міндетіне жауапкершілікпен қарайтын адам туған-туыстарына, жора-жолдастарына, ұжымдағы қызметтес құрбыларына, жалпы әлеумет алдында беделді кісі деп бағаланып, оның абыройын үнемі көтермелеп, жауапкершілігі күрделі істерді атқаруға сенім артып отырады. Жаупкершіліктің кері ұнамсыз жағы жауапсыздық. Жауапсыздық міндетті іске салқын қарап, жүктелген міндетті орындамайды. Ондай адам қоғам алдында абырой-беделге ие бола алмайды. Атқарған жұмысында сенімсіздік тудырып, ісінің шала-шарпылығын бетіне күнә етіп тағады. Жауапкершілік тек мінезде ғана емес, сондай-ақ сезімдерде, қабылдауларда, саналауда, қатынастарда, мінез-құлықтың әртүрлі формаларында көрініс табады. Жауапкершіліктің негізгі белгілері ретінде тұлғаның өз міндеттерін атқарудағы тиянақтылығын, өз ісіне адалдығын, сондай-ақ өз әрекеттерінің салдарына жауап беруге дайыңдығын, шыншылдығын, әділдігін, ұстанымдылығын айтуға болады. Кез келген міндетті орындау еріктік қасиетгер мен күш-жігерді табандылық, ынтаны, батылдықты, шыдамдылықты талап етеді. Ал міндеттер, яғни шартсыз түрде орындалуға тиісті әрекеттер рөлдік функцияларды орындауға байланысты ажыратылады: қызметтік, отбасылық, азаматтық қоғамдық, және т.б. Психологияда тұлғаның жауапкершілік қасиетін анықтайтын субъективтік қадағалау деңгейі ұғымы бар.