ИБА

lat: IBA

адамның мінезінің әдеп сақтап, ізет етуін, ұялу сезімін білдіретін ұнамды әрі жағымды қасиетін білдіретін ерекшелігі. Ибалы мінез көрсететін адамды халық үнемі сыйлап, құрмет тұтады. Өзгелерге үлгі-өнеге етіп көрсеткен. “Алғашқы кезде Роза менен иба қылып жүрді (Иманжанов). Ибалы мінез көрінісі кім-кімнің де болса да ақыл-ойы мен әдептілігін, білімділігі мен парасаттылығын, тәрбиелігі мен өнегелілігін, көрсетер қылығы болып табылады. Көпшілік арасында әдеп сақтап, ар-ұятын сақтайтын жастарды халқымыз құрмет тұтып, оның әрбір іс-әрекетін, жүріс-тұрысындағы қимыл-қозғалысын, сөйлеген сөзін, адамдармен қарым-қатынас жасауын үлгі тұтып, өзгелерге тағылым етіп отырған. Ізеттілік, әдептілік пен сыпайылық кімнің болса да жеке басын, адами қасиетін асырып ондайларды өскелең ұрпаққа үлгі берерлік тұлға деп санаған. “Күліп кісі бетіне қарап көрмеген, ибалы, атақты асыл Қамарымыз жоқ жерден жалаға ұшырағанына қайғыра-қайғыра құр шыбын жаны бар еді (Торайғыров)”. “Ғайшаның апасы бір-біріне айта алмай, ибалық қылып отырған сөзі болса, сөйлесін деп, екеуін оңаша тастап, ауыз үйге шығып тұрды (С. Кобеев)”. Ибалық көрсету, мінез-құлықтың ұнамсыз қасиетіне қарама- қарсы сипат болып табылады да, адамның өз басына тән қылығын неғұрлым сыйласымды өнегелік пен әдептілік көрсету қажеттілігін дамытуға баса мән береді.