КӨПШІЛДІК

lat: KÓPSHİLDİK

мінездегі адамгершілік қасиетті құрмет тұтып, қоғамшыл, қауымшыл істерді жүзеге асыруды ойластыратын сипат. Көпшілдік көпхалык, жұртшылық, бұқарашылдықты қолдай отырып әр алуан іс-әрекетті орындауға ұмтылу. “Болмашы кекшіл, болсайшы көпшіл, Жан аямай кесіп қыл” деп ақыл айтады дана Абай. Күнделікті тіршілікте халықпен қауымдасып атқаратын істің нәтижелі әрі тез орнымен орындалып отыруды ұйымдастырушымен іске басшылық жасайтын кісінің ұйымдастырушылық қабілетімен байланысты болып отыратындығын тәжірибе шыңдығы дәлелдейді. Отбасымен ағайын-туыс, жекжатымен ой бөлісіп ақылдасып атқаратын игі істердің бәрі Көпшілдік мінез қасиеті. Әлеуметтік өмірдің өзі Көпшілдік халықтың, бұқараның мақсат-мүддесін ойлап, игілікті істерді жүзеге асырып отыратын жеке тұлғалар мен ұжымдардың істерінің нәтижелері де сол адамдардың жағымды мінез-құлқын білдіретін қасиеттер. Көпшілдік мінездегі көрініс беретін сипаттың бірі адамның өз елі мен халқының тұрмыс жағдайын, дәстүрлі салт-санасын өркендетуте күшін жұмсап, әлеуметке қызмет көрсетуі. Сөйтіп, халқы мен ұлтының, елдігі мен бірлігінің атақ-даңқын көтеруге күш жұмсауы. Көпшілдік адамның іс-әрекетінде қоғамшылдық танытып, жоспарланған істі жүзеге асыруда ел-жұртты, халықты ұйымдастыра білу қабілеті. Көпшілдік адамды халық пен әлеумет үнемі құрмет тұтып, оның ісі мен әрекетін қолдайтын болған. Бала жас кезінен көпшіл болса, ол өскен соң елге тұтқа болатын азамат болып өседі деп үміт артқан. Отбасы мен үй ішінде Көпшілдік болу бақытты тіршілік етуінің ұйытқысы деп саналады. Көпшіл адамды елі де, халқы да ардақтайды. Бұл жағдайды халқымыз “Көппен көтерген жүк жеңіл” деген мәтелмен түйіндеп түсіндірген.