ҚАБЫЛДАУ

lat: QABYLDAÝ

ақиқат дүниедегі заттар мен құбылыстардың сезім мүшелеріне тікелей әсер етіп, тұтастай заттық түрде бейнеленуі. Қабылданатын заттардың қасиеттері мен бейнелері кеңістікте шоғырланады. Қабылдаудағы бұл процесс объективация деп аталады. Қабылдау нәтижесінде пайда болатын бейне бірден бірнеше анализаторлардың өзара әрекеттесіп, үйлесімді жұмыс атқаруының нәтижесінде қалыптасады. Осы анализаторлардың қайсысы едәуір белсенді жұмыс атқарып, едәуір мәнді қасиеттер жөнінде ақпаратты көп берсе, соған байланысты Қабылдау түрлері де ажыратылады: көру, есту, тері және қозғалыстық қабылдаулар. Қабылдаудың түйсіктерден едәуір дамығандығын көрсететін тағы бір ерекшелігі, қабылдаудың негізінде адам санасының затқа, құбылысқа, процеске жатқызатын өзара байланысты түйсіктердің жиынтығы ретіндегі бейне қалыптасады. Түйсіну мен қабылдаудың маңызды ұқсастығы екеуінің де пайда болуы үшін дүниедегі заттар мен құбылыстардың адамның сыртқы сезім мүшелеріне тікелей әсер етіп отыруы керек. Сонымен Қабылдау күрделі әрі жоғарырақ сатыда тұрған психикалык процесс. Қабылдауға түйсіктермен қатар, ой элементтері де, елестер мен ұғымдар еніп отырады. Заттар мен құбылыстарды қабылдаған кезде соларды түйсініп, қабылдаумен бірге біз ол заттардың қайдан пайда болғанын, олардың қасиеттерінің қандай екендігін елестетіп, түсінігімізді, үғымымызды кеңейтіп отырамыз. Сондай-ақ, анық және жақсы қабылданған заттар ғана түсінікті болады. Адам дүниедегі заттарды қабылдай отырып, оларды сипаттайды, бірімен бірін салыстырады, олардың арасындағы ұқсастығьш, айырмашылығын, олардың жалпы қасиеттерін ажыратып отырады. Қабылдау басқа психикалық функциялар сияқты, дүниедегі объективтік заттардың адамның санасында субъективтік бейнеленуі болып табылады. Адам қабылдауының мазмұны түгелімен сыртқы дүниедегі заттардың және құбылыстардың мазмұнымен байланысты. Қабылдау тек сыртқы дүниедегі заттардан тәуелді болып қоймай, адамның физиологиялық әрекеттерімен де байланысты. Қабылдау процесінде адамның өткендегі тәжірибесі ерекше маңыз алады. Бұл ерекшелікті апперцепция деп атайды (Апперцепцияны қараңыз). Жалпы, адамның қабылдауы эволюциялык жолмен дамып, қоғамдық тәжірибе әсерінен жетіліп, күрделеніп, кеңейіп, мазмұны жағынан байып отырады. Қабылдаудың заттылығы қабылдаудың көрнекі бейнесін сыртқы дүниенің белгілі бір заттарына жатқызу. Қабылдаудың заттылығының дамуында адамның практикалық іс-әрекеті маңызды рөл атқарады. Біз заттарды олардың тәжірибеде қолданылу қызметі негізіңде ажыратамыз. Қабылдаудың құрылымдылығы қабылдаудың тұтастылығымен тығыз байланысты ерекшелігі. Біз белгілі бір объектіні жеке элементтермен емес, ал тұтас құрылым ретінде қабылдаймыз. Мыс., музыканы қабылдағанда, біз оны жеке ноталар бойынша емес, ал тұтас әуен ретінде қабылдап, қайта жаңғырта аламыз. Қабылдаудың мағыналылығы. Бұл ерекшелікте қабылдаудың түйсіктерден негізгі айырмашылығы жақсы көрінеді. Объектілердің мазмұнын жақсылап түсінбейінше, оларды белгілі тұжырымдар мен сөз арқылы атамайынша, олар толық қабылданбайды. Егер объектінің аты сөзбен берілсе, ол қандай нәрсе болса да, оңай және тез қабылданады. Қабылдаудың тұрақтылығы немесе константтылығы деп сыртқы жағдайдың өзгеруіне қарамастан, заттардың мөлшері, формасы, түсі және т.б. қасиеттерінің салыстырмалы бірқалыпты болып қабылдануын айтады. Мыс., ақ кағаз қараңғы бөлмеде қара болып көрінсе де, біз оны ақ түсті ретінде қабылдаймыз. Қабылдаудың тұтастылығы бұл объектінің кейбір қабылданатын элементтерінің жиынтығын сенсорлық түрде және ойша тұтас бейне күйіне толықтыру. Қабылдаудың объектісі кейбір жеке қасиеттерден, жеке бөліктерден тұрғанымен, біз оларды бүтіндей, тұтастай қабылдаймыз. Қабылдаудың нәтижесінде қалыптасатын тұтас бейне түйсіну түрінде алынатын заттың жеке қасиеттері мен сапалары жөніндегі білімдерді жалпылау негізінде құрылады.