ОЙЛАУ

lat: OILAÝ

дегеніміз — сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының байланыс-қатынастарының мида жалпылай және жанама түрде сөз арқылы бейнеленуі. Біздің қоршаған дүние туралы білімдеріміз түйсік пен қабылдаудан басталады. Бірақ таным олармен ғана шектелмейді. Түйсіктер мен қабылдау арқылы алынған мөліметтер сезімдік шектен шығып, ойлау арқылы біздің таным шекарасын кеңейтеді. Себебі, ойлауда қабылдауда берілмеген нәрсені ой қорытындылары арқылы жанама түрде ашуға мүмкіндік беретін қасиет болады. Ойлау негізінде адамның қоршаған дүние жөніндегі танымы тереңдей түседі. Түйсіктер мен қабылдау ақиқат дүние құбылыстарының жеке қасиеттерін көбіне ретсіз кездейсоқ түрде бейнелендіреді. Ал ойлау адамға заттар мен құбылыстардың қасиеттері мен олардың өзара қатынастарын салыстырып, ажыратуға, олардың сезімдік түрде берілмеген қасиеттерін, жаңа қатынастары мен қырларын ашады. Сөйтіп, ойлау сезім мүшелері арқылы алынған мәліметтерді өңдейді. Сонымен, жекеден жалпыға және жалпыдан қайта жекеге көпсатылы ауысу ерекше психикалык процесс — ойлау негізінде жүзеге асады. Ойлау процесі елестермен де тығыз байланысты. О. проблемасын қарастырған А.А. Смирнов ойлау және интеллектуалдық процестердің ассоциативті ағымын ажырату қажеттілігін атап көрсеткен. Мұның себебі ойлау іс-әрекетінде біз ассоциацияларды өте кең қолданамыз — олар ойлау есептерін шығаруға елеулі септігін тигізеді. Мыс., біз қазір тап болған жағдайға ұқсас оқиғаларды жиі арнайы еске түсіреміз. Мұнда пайда болған ассоциациялар біздің ой мәселесін шешуімізде пайдаланылады. Олар бізді одан алыстатпай, оның жауабына, шешіміне жақындатады. Адамның ойы әркашан да сөз арқылы білдіріледі. Біреу екінші біреуге пікірін білдіргенде, өзін естісін деп дауыстап сөйлейді. Ой толық сөз күйінде білдірілгенде ғана айқындалып, дәйектеліп, дәлелдене түседі. О. мен сөйлеуді бірдей деп, бұлардың арасына теңдік белгісін қою дұрыс емес. Ой сыртқы дүниені бейнелеудің ең жоғарғы формасы болса, ал сөз ойды басқа адамдарға жеткізетін құрал болып табылады. Бала тілі шықпай түрған кезде де ойлай алады. Нәресте айналасындағы дүниені бірінші сигнал жүйесінің қызметі арқылы танып біледі. Ойлаудын бұл түрі оның танымын онша кеңіте алмайды. Баланың тілі шығып, сөз арқылы үлкендермен қарым-қатынасқа түскенде ғана, оның ойлау шеңбері кеңейетін болады. Ойлау адамның сыртқы дүниемен қарым-қатынас жасау процесінде туындап отырады. Адам ойлауының мазмұнын билейтін — объективтік шындық. Адамға мақсат қойып, оған жетуге ұмтылдыратын — оның қажеттіліктері. Ойлау — өзіндік ішкі қарама-қайшылықтарға толы процесс. Бұл қайшылықтар ойлау дамуының және іске асуының қозғаушы күштері болып табылады. яғни ойлау осы қарама-қайшылықтарды, басқаша айтқанда, проблемалық жағдаяттарды шешу барысында өрбиді. Ойлау танымдық теориялық іс-әрекет ретінде әрекетпен тығыз байланысты. Адам әсер ету арқылы ақиқатты таниды, дүниені өзгерту арқылы оны түсінеді. Әрекет ойлау жүзеге асуының бірінші ретті формасы болып табылады. О. операцияларының барлығы (салыстыру, анализ, синтез, жалпылау, абстракция, нақтылау, категоризациялау, жүйелеуді қараңыз) ең алғашында практикалық операциялар түрінде пайда болып, содан соң барып, теориялық ойлаудың операцияларына айналды. Яғни ойлау еңбек іс-әрекеті барысында практикалық операция ретінде немесе практикалык іс-әрекеттің бір компоненті ретінде туындап, содан кейін барып, дербес теориялық іс-әрекетке айналады. Бірақ тәжірибе әрқашан да ойлау ақиқаттығының негізі, мәнді критериі болып табылады. Бірақ егер де біз бір есепті тек практикалық түрде ғана шешетін болсақ, онда оның тек көрнекі жеке мазмұнымен әрекет жасап, оны тек берілген жеке жағдаятты ескере отырып шешеміз. Ал әрбір келесі жағдайларда қайтадан есепті шешуге тура келеді және тағы да бұл жеке міңдетті ғана шешу болып табылады. Ал егер берілген есептің жалпыланған мазмұнын құрастырып, оны шешудің жалпыланған тәсілін табатын болсақ, бұл есеп өзінің тек белгілі бір жағдайға сәйкес болатын, практикалық — шешімін ғана емсс, сонымен қатар, теориялық та, яғни принциптік біртекті жағдайлардың барлығына ортақ шешімін таба алады. Іс-әрекетпен байланыса отырып, теориялық ойлаудың өзі жекеден жалпыға, жалпыдан жекеге, құбылыстан мәнге, мәннен құбылысқа өту процесі болып табылады. Шынайы ойлау — ол ойдың ағымы. Ол тек іс-әрекет пен оның өнімінің бірлігі негізінде түсініледі. Ойлау — аса күрделі психикалық процесс. Оны зерттеумен бірнеше ғылымдар айналысады. Солардың ішінде логика мен психологияның орны ерекше. Бірақ осы екі ғылымның ойды зерттеудегі әдіс-тәсілдерінде өзіндік айырмашылықтары бар. Мыс., егер психология әртүрлі жас шамасындағы адам ойлауының пайда болуы, дамуы мен қалыптасу жолын, яғни тұлға ойлауының даму ерекшеліктері мен заңдылықтарын қарастыратын болса, ал логика бүкіл адамзатқа ортақ ойлау іс-әрекетінің заңдары мен формаларын айқындайды, адам ойлауының нақты нәтижесі болып табылатын ұғым, пікір, ой қорытындылары сияқты ойлау формаларының табиғатын зерттейді. Ойлаудың физиологиялык, негіздері И.П. Павловтың бірінші және екінші сигнал жүйесі жөніндегі іліміне байланысты түсіндіріледі. Ойлау — ми қыртысының күрделі формадағы анализдік-синтездік қызметінің нәтижесі, мұнда екінші сигнал жүйесінің уақытша жүйке байланыстары жетекші рөл атқарады. Екінші сигнал жүйесінде жүйке қызметінің өз алдына дербес заңдары бар деуге болмайды. Сигнал жүйелерінің мидағы заңдылықтары бірдей. Бірақ, олардың айырмашылықтары мынада: егер бірінші сигнал жүйесіндегі реакциялар нақтылы құбылыстарга байланысты туса, екінші сигнал жүйесі оларды жалпылап отырады. Ойша байымдау (қорытынды шығару). Бір немесе бірнеше пікірлерден жаңа пікір шыгаратын ойлау операциясы — ой қорытындылары деп аталады.