Алдау

lat: Aldaý

Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да, Алдамаған кім қалды тірі жанда (Абай). Бұл сөздің түбір форманты ал ез алдына жеке тұрып қолданылмайтын өлі түбір. Ғ. Мұсабаевтың пікірінше, ал сөзі о баста «алдау» деген мағынада қолданылған. Ал тілім емес, шын тілім, Ал тілге алданба дегендерді салыстырыңыз. Сөйтіп, ал сөзі «айла, алдау » деген мағынада қолданылғандығын М. Қашғаридың сөздігіндегі мына мақалда дәлелдейді. Аушы неше ал білсе, адығ (аю) сонша жол біледі. Бұл, әрине, аю аулап, оны кәсіп еткен кезде туған мақал. Ал сөзі бертін келе «әдіс, күш» мағынасында қолданылады. Ал деген түбір бертін келе әл болып өзгерген сияқты (Г. Мұсабаев. Қазақ тіліндегі кейбір сөздердің этимологиясы жайында.   «Қаз. тілі мен әдеб.», 1959, 2, 93). Кейбір көне түркі жазуларында және осы күнгі кейбір түркі тілдерінде ал сөзі жеке, дербес қолданылып « алдау , қулық, өтірік айту» деген  мағыналарда жұмсалады. Мысалы, көне түркі жазуларында al қулық,. (Малов. Пам. др. лисьм., 356). Түрікше ал қулық, алдау, айла. Ал сөзі XIIXIII ғасырда жазылған тефсирдің тілінде де « алдау, қулық» мағынасында жұмсалады. (А. ІС. Боровков. Лексика среднеазиатского тефсира XII XIII вв. М., 1963, 48). Түбірге қосылып тұрғанда- есімнен етістік тудыратын жұрнақ. Салыстырыңыз: ат-та, үн-де, із-де. (Ш. С.)