Жөргем

lat: Jórgem

Жүрген аяққа жөргем ілінеді (мақал). Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде жөргем сөзінің екі түрлі мағынасы көрсетіледі: 1) бір буын, бір бума ішек; 2) (ауыс. мағынасы) пайда, олжа. Бірақ жөргем сөзінің екінші ауыспалы мағынасын оның бірінші негізгі мағынасынан шығаруға болмайтын тәрізді. Өйткені, ауыспалы мағына мен негізгі мағынаның арасында әрқашан логикалық, функциялық, семантикалық байланыс болуы міндетті. Ал ішек пен пайданың, олжаның арасында ондай байланыс жоқ. Сондықтан «жүрген аяққа жөргем ілінеді» деген мақалдағы жөргем сөзінің төркінін басқа фактілерден іздеуге тура келеді. Жөргем сөзі Қазақстанның солтүстік-шығысы мен Таулы Алтай автономиялы облысының Қошағаш ауданында және Монғолия Халық Республикасында тұратын қазақтар тілінде жиі қолданылады. Мағынасы ащы ішектен байлап, орап пісірген тамақ. Қырғыз тіліндегі жөргом К. К. Юдахиннің анықтамасы бойынша: «өкпе мен ішек-қарыннан турап, еріп жасаған тағам». Осыдан жөргөмде (шек-қарыннан ас дайындау) туынды түбірі келіп шыққан. Жөргем сөзі чуваш тілінде сурме ішек-қарыннан жасалған тағам, монғол тілдерінде зүрмэ, зүрэм ет, өкпе-бауыр, шек-қарыннан жасалған шұжық, түрік тілінде чаргант колбаса, алтай тілінде йөргөм түрінде кездеседі. В. В. Радлов оны «пища из бараньих кишек» деп аударады. (Радлов. Опыт.сл. III, 449). Сол сияқты йөргөмде жөргем даярлау. Қазақ тілінің өзінде де жөргемдеу деген туынды етістік бар. Ол түсіндірме сөздікте «ащы ішекті қазанға салу үшін ықшамдап будалау, шумактау» деп аударылған. Бұл фактілер жөргөм сөзінің түркі тілдеріндегі негізгі мағынасы «бір бума ішек» емес, «қойдың ішек-қарнынан жасалған ұлттық тағам». Ел аралап, жолаушылап жүрген адамның алдынан ылғи ас-дәмнің кездесіп отыратыны мәлім. Жоғарыдағы мақал да осындай жағдайға байланысты айтылған болуы керек. Сонда жөргем сөзін ұлттық тағамның, аты деп қарасақ, онда оның ауыспалы мағынасы «пайда, олжа» болмайтын сияқты. Ал енді тағамның атын неге жөргем деп атаған, жөргем сөзінің негізгі түбірі және жұрнағы қайсы, ол қандай мағынадағы сөз? Біздің пікірімізше, жөргем деген тағамның аты оның жасалу, дайындалу әдіс-тәсіліне, яғни қойдың қарнын ішекпен сыртынан бунақтап орауына байланысты қойылған болуы керек. Мысалы, оны кеспе (қамырдың кесілуіне байланысты), сүзбе (судан сүзіп алынуына қарап) деген тағам аттарымен салыстыруға болады. Сонда жөргем сөзі «орау, шандып байлау» деген мағынада айтылатын түркі тілдердегі жөрге деген байырғы түбір сөзге жұрнағының жалғануы арқылы жасалған. Салыстыр: жұтым, білем, шайнам. Бұл түбір сөз, жөргек, жөрмеу деген басқа туынды түбірлердің де жасалуына негіз болып отыр (қара: жөргек, жөрмеу). Сонда жөргем деген астың о бастағы тура функционалдық мағынасы ораулы, оралған (ас.) Бара-бара ол «орау, шырмап байлау» мағынасынан алыстан, «ішек-қарыннан жасалған ас» деген мағынада қалыптасқан. Ал енді осы мағынаның өзі де келе-келе қырғыз, алтай тілдерінде сақталса да, қазіргі қазақ тілінде сақталмаған сияқты. Оған себеп жөргем сөзін біз бірде «буылған ішек», бірде «олжа, пайда» деп түсінеміз. Бірақ оның «ішек» те, «пайда» да емес, ішекпен буылып, яғни ішекке оралып жасалатын тағам екенін біз жоғарыдағы мысалдардан анық көріп отырмыз. (Ә. Қайд. және Ж. Б.)