Жүз

lat: Júz

Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз. Кеше үш жүздің баласы үш сайды өрлей жөнелгенде, түп қазықты суыра жөнелген жоқты. (Ғ. Мүсірепов). Ж. Досқараев жүз сөзінің этимологиясы туралы былай дейді: «Біздің пікірімізше, жүз сөзінің - төркіні дүз, түз деген сөздермен байланысты болса керек. Олай деуіміздің себебі, біріншіден, қазақ тілінің кейбір говорларында... д/ж дыбыстары алмасады, екіншіден, әрірек уақытта бұрынғы этнотоптардың үш жаққа бөлінуіне байланысты жүз (дүз), түз сөзінің қолданылуы заңды құбылыс екендігі аңғарылады. Көрсетілген дыбыстардың алмасуына байланысты кейбір қарттардың сөйлеу тілінде жүз деудің орнына дүз деп те айтылады... Үшіншіден тілімізде дүз//түз «дала, сахара, жақ» деген мағынада қолданылады. Мысалы: құла дүз; дүзде жүрген дуадақ... Осы айтылған фактілерге қарағанда жүз деген сөздің өзі «дала», «жақ» деген мағынаны білдіргендігі байқалады. Бұл сөздердің тіркесті түрде қолданылуы шаруашылық, географиялық жағынан бөлектенген бір топ қазақ тайпаларының мекендеген жағына байланысты екендігін аңғартады («Қаз. тілі тарихы мен диал. м.», 3 шығу, 1960, 163). Жүз термині сан есімге байланысты шықты деген пікір де тарихи әдебиетте көп айтылады. Біздіңше, Ж. Досқараевтың пікірі шындыққа жанасымды сияқты (Ж. Б.)