Жүлде

lat: Júlde

Осы жиында Кенен Әзірбаев алып Жамбылмен бірге жүлде алып қайтады. Жүлде сөзінің қазіргі тіліміздегі мағынасы «сыйлық, бәйге», жүлде алу бәйге алу, сыйлық алу. Бұл сөз бурят- монғол тілінде жүлде болып айтылады, мағынасы малдың «кеудесі я басы». Ал бұл тілдегі зүлд сөзі де «малдың жүрегі мен басы» деген мағынаны білдіреді. Монғол тілінде зүлдлэх деген арнаулы етістік «малдың басын жүрегімен қосып мүшелеп бөлек алу» деген ұғымды білдіреді. Біздің ойымызша, қазақ тіліндегі бәйге мағынасындағы жүлде сөзі осы монғол тіліндегі малдың басын, жүрегін қосып бір мүше қылып атайтын зүлд сөзінен ауысқан болу керек. Көшпелі халықтарда қоныс аударып, жұрт жаңартқан сайын мал сойып, оның негізгі мүшелерін сыйлы адамдарына тарту салты көпке дейін сақталған. Сыйлы қонаққа қойдың басын тарту салты күні бүгінге дейін бар. Ал жаугершілік замандарда асқан ерлігі үшін батырларына негізгі мүше ретінде жүрек пен бас тарту салты қазақ арасында да болған сияқты. Сондықтан осы мүшенің аты жүлде (зүлд) сөзі кейін келе-келе бәйге сөзімен синонимдесіп, үздік адамға беретін сыйлықтың жалпылама атауына айналған. Ал, монғол тілдерінен енген сөздердегі з дыбысы көбінесе қазақ тілінде ж дыбысына сай келіп отырады. Салыстыр: монғолша зар, зарлах, засах, зуд сөздері қазақша жар, жарлық, жасақ, жұт болып айтылады. Тіпті бұл сөз қазақ тіліне монғолша зүлд формасынан емес, бурят-монғол тіліндегі жүлде формасынан ауысуы ықтимал. (Б. С.)