Тұлға

lat: Tulǵa

Тұлға болу. Тұлға болу тіркесі қазақ тілінде «тірек, сүйеуіш, қамқоршы» болу деген мағынаны білдіреді. Тұлға сөзі, біздіңше, түркі тілдеріне монғол тілдерінен енген. Мысалы, монғол тілінің өзінде тулға «тірек, бағана, сүйеуіш», кейде «ошақ» мағынасында айтылады. Бұл туынды сөз, түбірі тул, тулах тіреу, таяну. Осы сөздің түркі тілдерінің біразына еніп, өзінің тура мағынасында да, ауыспалы мағынасында да қолданылып жүргендігін көреміз. Мысалы, В. Радловтың көрсетуі бойынша, тұлға//тулға барабиндер тілінде ошақтың үш бұты, коман, қазак тілдерінде жұрт иесі, ел басшысы, құрметті адам (Радлов. Опыт сл. III, 1472). Қазіргі уақытта да казақ тіліндегі тұлға дәл осы мағынасында айтылады. Бұл оның тірек, бағана, сүйеніш мағынасынан келіп шыққан ауыспалы мағынасы. Түркі тілдерінің ішінде тұлға сөзінің монғол тіліндегі негізгі мағынасын сақтағандар, Э. К. Пекарскийдің көрсетуі бойынша (Пекарский. Сл. якут. яз. III, 2799), осман түріктері мен якуттар. Сөйтіп, тұлға болу тіркесіндегі тұлға қазақ тіліне монғол тілінен енген сөз және оның тіліміздегі «сыртқы көрініс, бейне, пішін» мағынасында айтылатын тұлға деген омоним сөзге ешбір қатысы жоқ. (Ә. Ңайд.)