Үй

lat: Úı

Жұматайдың білетіні осындағы завмагтың үйі еді (М. Әуезов). Бұл түркі тілдерінде ертеден қолданылып келе жатқан сөз. Көне түркі жазба нұсқаларында үй сөзі адам тұратын баспана дегенді білдірген (Малов. Пам. др. письм., 366). Сөздің бастапқы тұлғасы оба/обак болса керек. Бұрын монғол тілінде төмпешіктің үстіне жын-перілер үшін тастан, ағаштан салынған баспананы обон//овоо деп атапты. Ертеде монғолдар осындай үйлерге келіп құдайына құлшылық ететін болған. Бұл сөз монғол тілінен түркі тілдеріне ауысып, «төбе, төмпешік», кейбіреулерінде «моласы бар темпешік» деген мағынада қолданылып кеткен. Қазіргі қазақ тіліндегі оба сөзі осы мағынада жұмсалады. Бұрын түріктер оба деп көшпелі елдердің киіз үйін атапты (Будагов. Ср. сл. тур.-тат, нар., 107). Осы мағынада оба сөзі В. В. Радловтың сөздігінде де кездеседі. Басқа түркі тілдерінде бұл сөз әб (Енисей нұсқасы), ев (түрік), ой (ұйғыр), үй (қазақ) т. б. болып айтылады. Сонымен, бұл сөз ғасырлар бойы қолданылу үстінде обон>обоо>оба//ов//ев>ой//өй/ /үй болып өзгерген. Қазақ тілінде революцияға дейін үй сөзі кең қолданылған, кейін тас үйлердің салынуымен байланысты кейбір оңтүстік-шығыс және солтүстік-шығыс аудандарда там сөзі пайда болған (Досқараев. Қазақ тіліндегі үй, там деген сөздер туралы ҚазССР ҒА Хабарлары, филол. сериясы, 1959, 1-2, 143-146). Бұдан басқа кейбір зерттеушілер (Е. Д. Поливанов. К этимологии слова уз, ө; дом, юрта. Труды лингв. сект. Узб. науч.-иссл. инс. культ. строительства. т. I, вып. 2. Ташкент, 1934) үй сөзі қытай тіліндегі чэн//ин//и «қала, қоныс» деген сөзден шыққан деп жорамалдаса, екінші біреулер үй сөзін үю етістігімен түбірлес деп шамалайды (Кононов. О семантике слов қара и ақ, 85). (Н. Қ.)