Шұлық

lat: Shulyq

Сыптай түзу балтырлары жұқа капрон шұлықтың ар жағынан аппақ боп жалтырап тұр (Алдабергенов). Бұл сөздің төркіні түркі тілдері. Көне түркі тілінде йулуқ деген сөз «аяқтың терісі, табанның шеті» дегенді білдірген (Малов. Ибн.-Мух. о тур. яз. 247). Бұл тұлға қазіргі тілімізде шұлық түрінде сақталған. Қазіргі түркі тілдерінің көбінде «орау, қоршау» мағынасында қолданылатын шұлғану/чолғану деген сөз кездеседі. Татар тілінде бұл етістіктен туынды чолганыш «қоршау» деген сөз бар. Қазақ, қырғыз, түрікпен, татар т. б. тілдерде аяқты орайтын шүберекті шұлғау/чолгау деп атау да осыдан шыққан. Арабтардың атқа жабатын нәрсені жул деуі де осы етістікпен түбірлес болуы мүмкін. Түркі елдерінен бұл сөз орыс тіліне ауысқан тәрізді. Бұл сөз алғаш рет XVI ғасырдағы ескі орыс жазба ескерткіштерінде кездеседі. Онда «жұмсақ аяқ киім» деген мағынада қолданылған сияқты (Шанский. Кр. этим. рус. яз. 375). Кейін бұл сөз орыс тілінен түркі тілдеріне қайыра оралып келіп, жіптен тоқылған аяққа киетін киімнің аты ретінде қолданылатын болды. Қазақ тіліндегі шұлық деген тұлға орыстың чулок деген сөзінің өзгеріліп шыққан түрі. (Н. Қ.)