ҚОСТІЛДІЛІК

lat: QOSTİLDİLİK

Осымен бірдей: Билингвизм; индивидтің/қоғамның екі не одан да көп тілдерді игеруі/ пайдалануы. Қостілділіктің бірнеше көрінісі бар: дара қостілділік белгілі бір Этностың жеке мүшелерінің екі тілді білуі мен қолдануы жəне бұқаралық қостілділік этнос көпшілігінің екі тілді білуі мен қолдануы; өңірлік қостілділік елдің белгілі бір ауданының тұрғындарының екі тілді білуі мен қолдануы жəне ұлттық қостілділік ел этносының екі тілді білуі мен қолдануы; табиғи қостілділік осы тіл иелерінің тікелей өзара əрекеттесуі нəтижесінде екі тілді білуі мен қолдануы жəне жасанды қостілділік екінші тілді үйрену үшін арнайы жəне əдейі жасалған жағдайлардың т.б. салдарынан екі тілді білуі мен қолдануы. Сонымен бірге Қостілділік мынадай түрлерге де ажыратылады: билингвте екі тіл жеке жүйе ретінде болған жағдайда үйлестірілген қостілділік (Ч.Осгуд, У.Вайнрайх, С.Эрвин жəне т.б.) немесе таза қостілділік (Л.В.Щерба); екі тіл бір жүйеге кіргендегі аралас қостілділік; субординативті (бағынысты) қостілділік (У.Вайнрайх) екінші тілді ерте кезеңде меңгеру, мұндайда оның бірліктері өзінің семантикалық базасымен қатынасқа түспей бірінші тілдің бірліктерімен өзара қатынаста болады. Қостілділік сондай-ақ қосымша қостілділік (билингв екінші тілді қолданғанда, бірінші тілге қатысты тілдік құзыретін жоғалтпайды) жəне орнын басатын қостілділік (билингв екінші тілді меңгерген сайын бірінші тілдің құзыретін жоғалта бастайды); функционалды (мəдени) қостілділік пен этностық қостілділік болып та жіктеледі. Жер бетіндегі бүкіл жұрттың шамамен жартысы қостілді екені анықталған. Кейбір елдер үшін қостілділік сирек құбылыс (АҚШ, Франция, Ұлыбритания жəне т.б.), басқалары үшін бұл норма (Үндістан, Батыс Африка, Таиланд, Папуа Жаңа Гвинея, Камерун жəне т.б.) (қар. Автохтондық тіл, Ассимиляция, Мемлекеттік тіл, Конфликт, Жергілікті тіл, Ресми тіл, Тіл ассимиляциясы, Тілдік саясат, Тілдік ахуал, Тілді жоспарлау).