АЙТЫС

lat: AITYS

А.Байтұрсынұлының «Əдебиет танытқыш» еңбегінде алғаш рет қолданылған термин. Байтұрсынұлы ақын тілді шығармаларды дарынды сөз деп атап, оның бір табы ретінде Айтысты атайды. Ғалым айтысты балуандар күресіне балайды. Яғни айтыс та балуандар күресіндегі бірін-бірі жығу үшін істейтін айла-тəсілдерді қажет етеді. А.Байтұрсынұлы айтыстың əзіл-ерегіс түрінен дамып барып, бүгінгі өлеңді айтыстың дамуын болжайды. Күреске күш пен əдіс, айтысқа ақындық пен əдіс серік. Айтыс барысында əр нəрседен сөз болады, ақындар бір-бірін күтеді, жауап береді, ел мəселесін сөз етеді. Ғалым айтыстың əлеумет алдында пайдасы зор екендігін осылай түсіндіреді. Ел-жұрттың тұрмысы, мінезі, əрекеті сөз болғандықтан, айтыс халықтың құлқын түзеуде өзіндік маңызға ие болып, екінші бір түрге ұласқан. Бастапқы айтыстар шын ақындардың талас сөзі болса, одан кейін мақсатты түрге ауысқан. Сөйтіп, айтыс шығарма түріне айналды. Əуелде шағын ортада болған айтыс келе-келе алаң-аудандарда көрініс тапты. Сол алаңда адамның, елдің келіссіз істері, мінездері, пиғылдары ақындар өз атынан айтпай, айтыс үстінде сөз қылып шығарған. Осы өнер түрі бүгінге дейін сақталған. А.Байтұрсынұлы айтқандай, айтыс қоғамда өзіндік рөл атқарып келеді.