СӨЗ

lat: SÓZ

адам қарым-қатынасының негізі, тілдің ең басты бөлшегі. Сөз шындығымен ақылға қонады, өңі үйлестігімен көңілге ұнайды. А.Байтұрсынұлы сөз өнері үшін жұмсалатын сөзді былайша сипаттайды: «Сөздің дыбысы жаман болса, дыбыстың қосылуы жақсы болмаса, сөз құлаққа жағымды болып шықпайтыны рас, бірақ тізуі жаман болса, дыбысы жақсы сөздерден де жақсы əңгіме шықпайды. Сондықтан мəнісінің зоры кірпіштің қалауында, жобаның жасауында болған сияқты, əңгіменің əдемі болып шығуы сөздің тізілуі мен əңгіме айтушының пікірлеуінде. Неғұрлым сəулет өнерпазы қиялға бай болса, соғұрлым үй де сəулетті, əдемі болып шығатыны сияқты, неғұрлым жазушы қиялға бай, пікірге шебер болса, соғұрлым шығарған сөз пікірлі, əсерлі, əдемі болып шықпақ. Жақсылап үй сала білу үшін сəулет өнерпазы үй салуға ұсталатын заттардың сыр-сипатын, қасиетін жақсы білу тиіс. Оларды тиісті орнына жұмсауын жақсы білу тиіс. Кірпіштің түрлі қалауларын жақсы біліп, белгілеген жобамен үйдің түрін келістіріп шығару жағын жақсы білуі тиіс. Мұның бəрін жақсы білу үшін сəулет өнерінің ғылымын жақсы білуі керек. Сондай-ақ сөзіндегі сөзден құрастырып қисынын келтіріп, жақсылап бір нəрсе шығару үшін сөз өнерінің ғылымын жақсы білу керек. Дыбыстың, сөздің, сөйлемнің сыр-сипатын тану, заңдарын білу бұл үйге керек заттардың сырсипатын білу сияқты нəрсе. Керек заттарын сайлап алып, үй салуға кірісу дыбыстың, сөздің, сөйлемнің жайын біліп алып, солардың əрқайсысын дұрыстап орнына жұмсап, пікірлі əңгіме шығаруға кіріскен сияқты болады. Айтушы ойын өзі үшін айтпайды, өзге үшін айтады, сондықтан ол ойын өзгелер қиналмай түсінетін қылып айту керек. Оның үшін айтушы сөйлейтін тілін жақсы қолдана білу тиіс, яғни əр сөздің мағынасын жақсы біліп, дұрыстап, сөйлемді тізе білу тиіс. Адам ана тілін жасынан естуінше үлкендерден үйренеді. Сонан соң тіл танытқыш кітаптардан таниды. Онан əрі үлгілі жазушылардың шығарған сөздерін оқып, өзі іс жүзінде иə жазып қолданумен біледі».