СЫН

lat: SYN

адам ісінен шыққан нəрсені тексеріп, баға беру. Ғылымнан, өнерден шыққан нəрсе, кəсіптен өнген, қоғамшылықпен құралған нəрсе сынға салынатынын ескерте келіп, А.Байтұрсынұлы дарынды сөзді сынаушы мен ұстаны өзара салыстыра отырып, былай дейді: «Дарынды сөзді сынау үшін де білім керек, бірақ қара сөзді шығармаларға керек болған пəн білімі емес, басқа түрлі білім керек. Бұған ғылым білімінен гөрі өнер білімі көбірек керек. Ұстаның мінін көбінесе ұсталар көреді. Сондай-ақ дарынды сөздің мінін ақындық дарыған адам көбірек көрмек, бірақ ұста істеген нəрсенің мінін ұстаның бəрі көре бермейді. Жақсы ұста ғана ұста істеген нəрсенің мінін көре алады. Жаман ұстаға өзінен артық ұстаның істеген нəрсесінің бəрі де жақсы көріне береді. Ондай ұстадан да жақсы ұстаның істеген нəрсесін тұтынып, көзі үйренген жай адам ұстаның ісін артық сынайды. Сол сияқты, дарынды сөзді ақындығы шамалы адамнан да жақсы ақындардың сөзін оқып, əдемілігінен əсер алып үйреніп қалған, оқыған жай зейіні ашық адамдар дарынды сөзді артық сынауы ықтимал. Сондықтан дарынды сөзді сынауға ақындық керек болғанмен, ақын емес адамның да қолынан келмейтін іс емес. Сүйтіп, ғылым сыны ғалымдықсыз жасалмайтын сын да, дарынды сөз сыны ақындықты керек қылғанмен, ақындығы жоқ, ақындықтан шыққан əдемі сөздерге үйір болған адамдар да жасауға болатын сын».