«ШУРА-И УЛЕМА»

lat: «SHÝRA-I ÝLEMA»

Ғұламалар қоғамы (кеңесі) қоғамдық-саяси ұйым. 1917 ж. 10 шілдеде Ташкентте көрнекті қазақ қайраткері С.Лапиннің жетекшілігімен құрылған. Ұйым Түркістан өлкесіне Ресей Федерациясы құрамында аум. автономия берілуін жақтады, ұлттық-діни ой-пікірлерді мерзімді баспасөз арқылы насихаттау, күнделікті өмірде талас тудыратын мəселелерді шариғат арқылы шешу керек деп санады. Түркістан автономиясын қолдамаған бұл ұйым Өлкелік Халық комиссарлар кеңесіне қантөгіске жол бермеу үшін мұсылмандық автономия орнату, Халық комиссарлар кеңесіне еуропа нəсілдегі тұрғындарды басқаруды қалдырып, соц. ұстанымдарға негізделген мұсылмандық автоном. үкімет құрудың тиімділігін көрсеткен мəлімдеме жолдады. Бірақ кеңес өкіметі оны тарату туралы шешім қабылдады.