1917 ж. қазан – желтоқсан айларында ашылған жергілікті органдар. Семей облыстық комитеті Ә.Бөкейханның қатысуымен 12-13 қазанда ашылды. Оның құрамына – Х.Ғаббасов (төраға), А.Қозыбағаров, С.Дүйсенбин, Ә.Ермеков, Р.Мәрсеков, И.Әлімбеков, Т.Құнанбаев, М.Малдыбаев, Ә.Молдабаев, Б.Сәрсенов, Ақмола облыстық комитеті құрамына – А.Тұрлыбаев (төраға), А.Сейітов, Е.Итбаев, М.Жұмабаев, Қ.Кемеңгерұлы, Б.Серкебаев, М.Саматов, Е.Мұқышев, Д.Әділов, Ж.Тілеулиев, Б.Айбасов, Қ.Қожамбердиев, Қ.Кәкенов, Торғай облыстық комитеті құрамына Ә.Бөкейхан (төраға), А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, А.Бірімжанов, Ж.Жәнібекұлы, Е.Омаров, О.Жәнібеков, Ғ.Жүндібаев, С.Досжанов, Ғ.Бірімжанов, Қ.Арынғазов, Ғ.Досжанов, Т.Шонанов, Е.Нұрмақамбетов, М.Есполов сайланды. «Алаштың» облыстық комитеттері сол кезеңде ұлт-азаттық қозғалыстың өрістеуіне, халық арасында партияның үлкен беделге ие болуына зор үлес қосты. Облыстық комитет мүшелері Екінші жалпықазақ съезіне қатысып, Алашорда үкіметінің орнауында үлкен рөл атқарды. Сонымен бірге бұл комитеттер Бүкілресейлік құрылтай сайлауында «Алаш» партиясының жеңіске жетуіне үлес қосты.