«Ғұлама қоғамы»

lat: « Ǵulama qoǵamy »

1917 ж. ақпан төңкерісінен кейін Түркістан өлкесінде жергілікті халықтың мүддесін қорғау мақсатында құрылған қоғамдық-саяси ұйым. Серәлі Лапин төрағалық еткен. Қоғам Уақытша үкіметтің Түркістан комитеті жанынан «Мах-кама-и шариат» (Шариғат мекемесі) деген атпен өкілдер мәжілісін (сенат құруды), Бүкілресейлік құрылтай жиналысы мен болашақта құрылуға тиіс Бүкілресейлік парламент тарапынан Түркістанға қатысты шығарылатын заңдары осы шариғат мекемесінде бекітуді талап етті. Ташкенттегі халық бұқарасы арасында зор беделге ие болғанына қарамастан, «Ғұлама қоғамы» бұл талапты Түркістан Ресейге тәуелділіктен біржола құтылғанда ғана жүзеге асыруға болатындығын ескермеді. Осыған байланысты сол тарихи кезеңде қалыптасқан саяси жағдайда байыптылық танытуды жақтаған «Шуро-и-ислам» ұйымымен араздасты. Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесінің «Шуро-и-ислам» ұйымымен ымыраға келуге шақырған ұсынысына құлақ аспады. «Ғұлама қоғамы» Түркістан өлкесіне ұлттық-территориялық автономия берілуін жақтады. 1917 ж. 6 желтоқсанда Түркістан автономиясына қолдау көрсету мақсатында Ташкент қаласында өткен митингіге «Ғұлама қоғамы» өкілдері де қатысты. Түркістан автономиясы құлағаннан кейін бұл қоғам кеңестік билікпен келісіп жұмыс істеуге ризалық танытты.