1907 ж. 1 желтоқсанда Қазан қаласында мұсылман зиялыларының ресми бірлестігі ретінде пайда болған қоғамдық құрылым. Шығыс клубы мүшелері мен қонақтар үшін музыкалық және әдеби кештер, сахналық қойылымдар, халық шерулері мен ойындарын ұйымдастырып, халықтың танымын, білігін көтеріп отырған. Көбіне осы шараларды арнайы дәріс түрінде өткізіп, әр саладан хабары бар оқығандарды, қайраткерлерді шақырған. Шығыс клубы аз жылдары мұсылман зиялы қауымының бірлік пен ынтымақ қозғалысына айналды. Клуб жанында орыс-мұсылман кітапханасы, музыкалық аспаптар оркестрі жұмыс істеген. Кезінде Императорлық Қазан университетінде, Қазан малдәрігерлік институтында, Қазан Мұғалімдер семинариясында оқыған қазақ жастары шығыс клубы жұмысына белсене қатысып, ұлт өнерін насихаттады. Қазан университетінде оқыған жас тұлға, кейін Алашорда қозғалысының көрнекті қайраткерлерінің бірі, заңгер У.Танашұлы осы клубтың белсенді мүшесі болған. Ол осы жерден белсенді саяси мектептен өтіп, Қазан мұсылмандары саяси қозғалысы басшыларының бірі деңгейіне көтерілді. Шығыс клубы жұмысына қатысқан мұсылман жастары Ресей мұсылман студенттері құрылтайын шақыру идеясын қолдап, осы мақсатта 1913 ж. шара өткізді. Оған Қазан университетінде оқыған Б.Мәметұлы, И.Қашқынбайұлы, Ш.Бекмұхамедұлы, А. Имамбайұлы сынды қазақ жастары қатысты. Көпшілік дауыспен А. Имамбайұлы Бүкілресейлік мұсылман студенттері құрылтайына делегат болып сайланды. Шығыс клубы жұмысында шыңдалған қазақ студенттері кейін көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері болды. Олардың арасында Б.Мәметұлы, У.Танашұлы Алашорда үкіметі құрамына кірді.