Шура-и ислам

lat: «Shýra-ı ıslam»

Ислам кеңесі (парсыша «ислам кеңесі») 1917 ж. қазан төңкерісі қарсаңында Түркістанда (Ташкентте) құрылған қоғамдық-саяси ұйым. Негізгі идеялық тірегі ағартушылық бағыт және жәдитшілдік мұраты. Ұйымды М.К. Абдурашидханов басқарды. Ұйым жұмысына М.Шоқай, А.В. Кори, М.Муминбаев, А.Темірбеков, С.Мирджалилов белсене қатысты. 1917 ж. наурыз соңында Түркістан өлкесінің барлық қалаларында Шура-и-Ислам бөлімшелері ашылды. Ұйым жергілікті діндарлар мен зиялыларды діни туыстық пен бауырлық және ағартушылық негізінде топтастыра алды. Сондай-ақ ол жерге жеке меншік болуын қолдады. Олар Ресей құрамында ұлттық-діни бағыттағы Түркістан автономиясын құруды армандады. 1917 ж. 16  23 сәуірде Шура-и-Исламның 42 делегаты қатысқан съезд өтті. Осы жиын Түркістанның мәдени-саяси өзін-өзі басқаруын жақтап, Уақытша үкіметке сенім білдірді. Мұнда «Түркістан мұсылмандарының өлкелік кеңесі» құрылды. Ұйым құрылған уақыттан бастап негізгі мәселені шешуде жәдиттер мен үлемдер бір-бірімен үндесе қоймайтын екі бағытты ұстанды. Діндарлар бірте-бірте жәдитшілдерді «шариғаттан, дін қағидаттарынан бас тарттыңдар, дәстүріміздің сақталуын әлсіреттіңдер» деп кінәлады. Сөйтіп бұл бағыттағылар 1917 ж. маусым айында Шура-и-Исламнан шығып, Шура-и-Үлем ұйымын құрды. 17  20 қыркүйекте ұйымның ІІ съезі өтті. Қарашада өткен ІІІ съезде большевизмге тоқтау салу туралы қарар қабылдады. Шура-и-Ислам мүшелері Ресейдегі қазан төңкерісін қолдаған жоқ. Большевизмді қасірет деп есептеді. Сөйтіп Қоқанда құрылатын Түркістан мұхтарияты жолында күресті. Соны құрды, ол құлатылғанда басмашы қозғалысын қолдады. 1918 ж. басында большевиктік Түркістан Халық комиссарлар кеңесі Шура-и-Исламды жаңа үкіметке жат ұйым ретінде жұмысын тоқтатуға қаулы шығарды.