Blockchain

lat: Blockchain

ақпараттық мазмұны бар белгілі ережемен тіркесе түзілген ретті блоктар тізбесі. Қарапайым тілмен айтқанда, сіздің өміріңізге қатысты барлық шынайы дерек, жазбаларды тізбектеп сақтау технологиясы. Туған сәтіңізден бастап ешбір дерек тыс қалмайды. Тіпті, бір кезде жол ережесін бұзғаныңыз, досыңызға шотыңыздан ақша аударғаныңыз, интернет дүкеннен жасаған саудаңыз, үйленгеніңіз, барлығы-барлығы блоктарда тізбектеліп сақталады. Қысқаша айтқанда, қағазға жазылатын деректердің барлығын blockchain-гe де жазуға болады. Айырмасы blockchain-де жазбаны қолдан жасауға, өшіруге, жасыруға болмайды. Өткен күнмен жазба жасай салатын нотариустер, айыппұлыңызды базадан өшіретін пысықайлар, несие тарихын жаңартатын алааяқтар дәурені өтеді. Blockchain деректерін, яғни блоктарды және олардың мазмұнын иесі рұқсат етсе, кез келген адам көре алады. Демек, blockchain желісінің пайдаланушысына оның деректерін растайтын нотариус, тіркеуші, аудитор, сақтандыру агенті, бақылаушылар сияқты делдалдар қажет болмайды. Бұл жеке тұлғаларға ғана емес, заңды тұлғаларға да қатысты. Blockchain технологиясы арқылы келісімшарттар, сатып алу-сату операцияларын жасауға болады. Ешқандай қитұрқы схемасыз, айқын түрде мемлекеттік сатып алу операцияларын, тендерлерді өткізе алады. Бұл жүйе  жемқорлықты, бюрократиялық кедергілерді жоюға тиімді. Банк жүйелеріне енсе, тіпті бірнеше бөлімдерді толығымен қысқартуға, банк операцияларының көпсатылы кезеңдерін азайтуға мүмкіндік береді. Делдал-алааяқтық мүлдем жойылады. Мамандардың айтуынша, «бұл кезінде интернетте революциялық идея болған. Біреу сенсе, біреу сенбеген. Blockchain технологиясы да өмірімізге енеді. Бұл жүйе арқылы біз қоғамдағы қаржылық айқындылыққа, қаражат пен уақытты үнемдеуге, қоғамның сенімін қалпына келтіруге қол жеткізе аламыз». Қазақстанда да Blockchain технологиясын ендіруге талпыныстар жасалуда.