БҰҰ

lat: BUU

(Біріккен Ұлттар Ұйымы) Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін антигитлерлік коалицияға мүше мемлекеттер КСРО, Қытай, АҚШ, Ұлыбритания, Францияның бастамасымен құрылған. Ұлттар Лигасының мұрагер ұйымы. БҰҰ әмбебап халықаралық ұйым. Мақсаты халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау, нығайту, теңдік және халықтардың өзінің мемлекеттік құрылысын өзі шешетін қағидаттарына негізделген мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамыту. БҰҰ-ның бас органдары: Бас Ассамблея, Қауіпсіздік кеңесі, Экономикалық және әлеуметтік кеңес, Қамқорлыққа алу жөніндегі кеңес, Халықаралық сот пен Хатшылық. Штаб-пәтері Нью-Йоркте (АҚШ) орналасқан. БҰҰ-ның ресми тілдері ағылшын, француз, орыс, испан, қытай және араб тілдері болып саналады. БҰҰ-ға 185 мемлекет мүше. БҰҰ жүйесіне іс-әрекеті Жердегі адамдардың тіршілігін жақсартуға бағытталған 30-дан астам ұйымдар кіреді. Қызметі: баланы өсіру мен дамыту; қоршаған ортаны қорғау; адам құқығы; денсаулық сақтау және медициналық зерттеу; кедейшілік ауқымын азайту және экономикалық даму; ауылшаруашылығы мен балықшаруашылығын дамыту; білім беру; әйелдердің жағдайын жақсарту; дүлей зілзалалар кезінде көмек көрсету; әуе және теңіз жолаушыларын тасымалдау; атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану; еңбекті және еңбекшілердің құқығын қорғау және т.с.с.