САРАПШЫ

lat: SARAPSHY

арнаулы ғылыми бiлiмi бар, сараптамалық қорытынды беруге құқығы бар заңды немесе жеке тұлға.

 Декларанттың сарапшыны тартудағы мақсаты кедендік рәсімдеу сәтіне дейін немесе оның барысында тауардың жоғалу, кем шығу, зақымдану (бұзылу) фактісі анықталған кезде; тауардың шыққан елін анықтау және растау үшін мәліметтерді ұсынған кезде; тауарлардың кедендік құнын растау үшін дұрыс, сан жағынан айқындалған және құжатпен расталған ақпаратқа негiзделген мәлiметтердi ұсынған кезде; жүк кедендік декларациясында немесе кеден органдарына декларант ұсынған өзге де құжаттарда көрсетілген мәліметтердің дұрыстығын тексеру мақсатында тауарлардың сынамаларын немесе үлгілерін, егжей-тегжейлі техникалық құжаттаманы зерттеу кезінде Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың сапалық құрамын анықтау үшін, олардың Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес дұрыс сыныпталуы үшін зерттеулер жүргізу болып табылады.

Сарапшының қорытындысы қойылған мәселелерге нақты жауаптар беруі тиіс, бұл ретте жауаптардың жүйелілігі мәселелердің жүйелілігіне сәйкес келуі қажет.

Қойылған мәселелерге жауап беру мүмкін болмаған жағдайда себептері көрсетілуі тиіс.

Сарапшыға қойылмаған, бiрақ ол оны зерттеу процесiнде анықтаған жағдаяттар бойынша тұжырымдар қорытындыда жазылады.

Екiұшты түсiндiрудi болдырмау үшiн тұжырымдар дәл және айқын жазылады.