ТӘУЕКЕЛ

lat: TÁÝEKEL

Қазақстан Республикасының кеден заңнамасын сақтамаудың мемлекет үшін залалға әкеп соғуы мүмкін ықтималдық дәрежесі.

Тәуекелді бағалау тәуекелдің деңгейін бағалау және алдын ала айқындалған стандарттармен салыстыру арқылы тәуекелді басқарудың басымдықтарын жүйелі түрде айқындау.

Тәуекелді басқару тәуекелдің алдын алу үшін бақылау әдістерін айқындауға мүмкіндік беретін алдын алу шараларын қолдану техникасы.

Тәуекелді басқаруды қолданудың мақсаттары тәуекелдің деңгейі жоғары салаларға жіті назар аудару және қолда бар ресурстардың неғұрлым тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету; кеден ісі саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтау жөніндегі мүмкіндіктерді арттыру; Қазақстан Республикасының кеден заңнамасын сақтайтын сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы тауарлар мен көлік құралдарын өткізу үшін қолайлы жағдайлар жасау болып табылады.

Тәуекел санаттарына мыналар: тауарлардың түрлері; Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес тауарлардың коды; тауарлар шығарылған ел; тауарларды жөнелткен ел; тауарлар жеткізілетін межелі ел; көлік құралдары; кедендік құн; тауарларды өткізу бағдары; сыртқы экономикалық қызметке қатысушы; кедендік рәсімдеу үшін тапсырылған құжаттар жатқызылуы мүмкін.

Сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар уәкілетті орган белгілеген тәртіппен ең төменгі деңгейдегі немесе ең жоғары деңгейдегі тәуекел санатына жатқызылуы мүмкін.

Сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларды ең төменгі деңгейдегі тәуекел санатына жатқызу және оларға кедендік рәсімдердің жекелеген түрлері мен кедендік бақылау нысандарын қолдану тәртібі уәкілетті органның аумақтық құрылымдарының кеден ісі саласындағы коммерциялық емес ұйымдармен бірлесіп әзірлеген ұсыныстары негізінде белгіленеді.