lat: ÁÝE
зат. 1. Жер үстін қоршаған көк күмбезі; аспан.
Дүниенің ол туралы жазасы жоқ,
Біз сөкті деп тоқтай ма Алла атқан оқ.
Пәрменімен айналған шархи фәләк
- Күн мен ай, жұлдыз, әуе, жер менен көк (Ш.Құдайбердіұлы, Шығ).
Қазір июльдің ортасы. Ол қаланың ең ыстық шағы. Соған орай мынау кеште тымырсық, қапырық. Әуе тұнжыр ғана тұнып тұр (М.Әуезов, Абай жолы). Инелік, шегіртке, бөгелек, масаның қалың шөптің арасынан ұшып, әуені қаптап, шарқырап, олай-былай жүйткіп шыр-шыр етіп, қанаттары дырылдап, ызылдағаннан басқа, екі аттың пысқырып, құйрығы суылдап, аяғын тебініп, бөлелек шаққанынан басқа, анда-санда шық- шық еткен торғайдың дауысынан басқа жаңғырыққан ешбір тықыр не бір үн естілмейді (Ж.Аймауытов, Шығ.).
2. с ө й л. Ауа. Таңмен араласа, қаланың батыс жағынан бір жүйрік жел соғып, Сібір әуесінің сасық тұманын айдап жөнелді (І.Жансүгіров, Шығ.). Тымырсық аяздағы тымық әуені сіміре, Жақып күндегі әдетімен колхоз ауылын аралап келеді (Ғ.Мұстафин, Миллионер).
Көктемгі әуе бөлмемнің
Көлеміне сыймай тұр.
Көктемгі күлкі, қуаныш,
Өлеңіме сыймай тұр (С.Ерубаев, Шығ.).
Бір тұтам таң атып қапты.
Таңмен бірге жел оянып,
Әуе біраз салқындапты (М.Жұмабаев, Шығ.).