lat: ÁLİ
ү с т. 1. Осы уақытқа дейін, қазірге дейін. Қызылшоқыдағы Бөкенші әлі де көшпей отыр еді (М.Әуезов, Абай).
Отан үшін жан қиды,
Талай ұрпақ жауынгер.
Көздің жасын қылды сел,
Артында қалған ата-ана,
Қарс айырылып жүрегі,
Күдерін үзбей әлі жүр (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).
Жоламай құрбыларым сырласуға,
Інілер ажуалап құрдасымдай,
Әлі де қылтың-сылтың жүр басылмай,
Базарда беті ашылған ұрғашыдай (М.Мақатаев, Шығ.).
2. Тағы да, бұдан кейін де. Күндер аласұрған, Қайда асығып барасыңдар?
Әлі де табысу бар, таласу бар,
Бітірейін,
Тоқтаңдар, санасыңдар! (М.Мақатаев, Шығ.).
Әлі көп ашылмаған қыраттар бар,
Арнасы аршылмаған бұлақтар бар,
Атпаған таң сияқты армандар бар,
Аттанып оралмаған мұраттар бар (Т.Айбергенов, Мен саған.).
«Бостандық», «теңдік» елге болады деп,
Қилы хабар кеп жатыр шар тараптан.
«Патшасыз ел болмайды, сенбеңдер» - деп,
Әлі де болыс пен бай сөз таратқан (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).
3. Қоймай, үсті-үстіне, қайта- қайта. Екі жігіт әлі төбелеседі, әлі төбелеседі (М.Әуезов, Абай жолы).
Бір-бірін тосып әлі
Толқындар жосылады.
Өзектер бөлінбейді,
Өзен боп қосылады (Қ.Мырзалиев, Мәңгі майдан).
Сен күлесің, сәулем-ау, не білесің,
Тіршілік арбасына жегілесің.
Әлі талай ілгері жүріп барып,
Жеңу үшін сәл ғана шегінесің (Т.Молдағалиев, Шақырады көктем).