lat: ÁLPET
з а т. 1. Кескін-келбет, ұсқын, түр, нұсқа, кейіп. Байжан суретті әдемі салатын-ды. Адамның әлпетіне қарап отырып, түр ажарын қағаз бетіне айнытпай түсіретін ебі бар (Н. Ғабдуллин, Қызық дәурен). Жұман үй ішінің әлпетінде бір күйзеліс барын байқады (Ғ.Мүсірепов, Оянған өлке).
А, қырық бала, бер қара,
Ойнаған жерің кең дала.
Келе жатыр жүз адам,
Әлпеттері тым жаман (Батырлар жыры).
Тегі, кеңсе күткен кісінің әлпеті бар (І.Жансүгіров, Шығ.).
2. Жалпы көрініс, бағдар, бет, түр.
Өтті ғой талай кәрі, талай бала,
Сыйласып жүрмек едік келсе шама.
Шошимын науқасының әлпетінен,
Болсын тек емшілерден шипа-дауа (Айтыс).
Күннің әлпеті де жаман. Сақиып тұра береді. Бұ да жақсы ырым емес (Ж.Аймауытов, Шығ.).
Қалжың жаңағы теректің түбінде басталып кетіп, енді-енді қыза бастаған әлпеті бар (Ғ. Мүсірепов, Белдерде).