ӨҢДЕУ

lat: ÓŃDEÝ

Өңде етістігінің қимыл атауы.

1. Жөндеу, дұрыстау, кемшілігін түзеу.

Реставрация, өңдеу өнерінен ешқандай хабары жоқ құрылысшылар бейітті әлгілердің айтуымен қайта жөндеп шығады (Ж.Бейсенбаев, Шоқан.).

Бірақ шариғат бойынша, Османнан кейін оны енді ешкімнің өңдеуге, түзетуге қақысы жоқ (М.Тоқжігітов, Құран туралы ақиқаттар).

Өңдеу өңделетін заттардың төзімділігіне қарай топтастырып өңдеу, лазерлік өңдеу, металдарды қысым арқылы тазалай, жартылай таза өңдеу, слесарьлық, термиялық, жонып және суық күйінде өңдеу, электрхимиялық және басқа да өңдеу топтарына бөлінеді (Қаз. тілі термин. Кен.).

2. Заттың сапасын арттыру, құрамын жақсарту.

Жезқазғанда мыс қоры орасан сол, сонымен қатар мұнда, рудаларды қазу, өңдеу жұмыстарының кен-техникалық және технологиялық жағдайлары да өзінің тиімділігі жағынан оншама көп кездесе бермейтіні анықталып отыр (Қ.Сәтбаев, Қазақстан менің отаным.).

Ванадийлі болатты 0,10-0,25 процентпен құрастырғанда, әсіресе тиісті термикалық өңдеуден өткеннен кейін ерекше беріктікке айналады (Қ.Сәтбаев, Қазақстан менің отаным.).

Мұндай машина автоматты өлшегіш аспаптан өңдеуге түсетін шикізаттың қасиеттері, станок пен транспортерлердің қызметтері, құрал-сайманның тозуы, температураның өзгеруі, дайындалып шыққан бұйымдардың сапасы туралы мәселелерді, хабарларды алып отырады (О.А.Жәутіков, Жаратылыстану ғылымдары мен техниканың дамуындағы математиканың ролі).

3. Егін егу үшін топырақты майдалау жерді тыңайту.

Осы күнгі ғылым аңшылық, балық аулау, малды қолға үйрету, кейіннен жер өңдеумен шұғылдану алдымен табиғатты жайлы Азия, Африка материктерінде қалыптасқан дейді (Н.Баяндин, «Ғасырлар қойнауына саяхат»).

Әсіресе, темір соқа топырақ түрінің бәрін де өңдеуге жарады (Н.Баяндин. «Ғасырлар қойнауына саяхат»).

4. инф. Мәліметтерді компьютердің көмегімен реттеу, өңдеу.

Өңдеу мәліметтермен жүзеге асырылатын кез келген әрекет: орын ауыстыру, көшірмелеу, үстемелеу, жою, өзгерту (Қаз. тілі термин. Информатика).