lat: ÓMİR
зат. 1. Материяның қозғалу, даму, өсу көріністерінің жалпы жиынтығы; тіршілік.
Қылған қайыр болмаса,
Не әкетесің өмірден?
Дүниені қызық қалдырып,
Асалық өмір белінен (Жамбыл, тол. жин.).
Жақсылығы үшін дер кезінде сен де оған жақсы қарағансың, ал жамандығы үшін сен енді оған жаман қарауға тиістісің. Бұл өмір заңы! (I. Есенберлин, Алмас.).
Жер мен су біз үшін өмір (Қ. Исабаев, Соңғы.).
2. Адам мен жан-жануарлардың, өсімдіктердің физиологиялық тіршілік ету, өсу процесі (өлімге қарама-қарсы).
Ол бір ұрыста ғана жараланған 46 жауынгердің өмірін сақтап қалды (Ә. Меңдібаев, От кешу).
Рақымжан ұрандас достарының өміріне қауіп төндірмес үшін, өз еркімен келіп, қолға түсті (Е. Өтетілеуов, Бос шелек).
– Ал мен болсам, үш адамға өмір бердім (Ш. Құмарова, Қос шынар).
3. Өсу, даму процесінің белгілі біркезеңі, сатысы; тірі организмнің тіршілік ету (қызмет істеу) мерзімі; ғұмыр. Ы. Жақаевтың өмірі мен еңбегі жазушының «Сырдария» романының бас қаһармандарының бірі – Сырбай тұлғасының негізінде алынғаны белгілі ғой (Р. Бердібаев, Достық.).
Оның өмірі– колхоздың өмірі, колхоздың өмірі – оның өмірі (К. Қазыбаев, Дәуір.).