ӨНІМ

lat: ÓNİM

зат. 1. Егілген дақылдардан алынатын түсім: астық, жеміс, жидек, овощ т. б.

Көктем дән сепсе, күз өнім жинайды (Бал дәурен).

Жүгері мен тарыдан түскен өнімнің қыстық азыққа мол жететін түрі бар (Ә.Әлішев, Ат тұяғы).

Кейбір жекелеген жұмысшылар мен үй шаруашылығындағы әйелдердің жеке меншік бау-бақша өсіріп, одан едәуір өнім алғандары да болды (Қ.Әміров, Өшп. жұлдыз.).

Аягөз, сенің бойыңда

Несібе, ырыс тегіс қой,

Сай-салаң толған жеміс қой.

Қырың малдың кіндігі,

Ойың өнім егіс қой (Дулат Бабатайұлы, Замана сазы.).

Егіннен егіншілер өнім алды,

Ел болды егін бітіп жалшы, жарлы,

Тон түсіп үстерінен, үй түзетіп,

Жандары жарлылардың рақаттанды (О.Шипин, Дастан.).

2. Мал шаруашылығынан түсетін пайда, табыс; ет, сүт, жүн т.б.

Қазақ ССР-і мал шаруашылығы өнімдерімен қатар еліміздің басқа аудандарына тас көмір, мұнай, түсті және сирек кездесетін металдар жібереді (М.Ярмухамедов, ҚазССР экон. геогр.).

Қоңекеңнің айтуына қарағанда, кейбір жерлерде әлі күнге дейін қой малының өлім-жітіміне, өнімнің төмендеуіне жол берілуі әсіресе биязы жүнді қойларды баға білмеудің салдарынан болып келеді (Қ.Баялиев, Жер тынысы).

3. Өнеркәсіп орындары өндіретін зат.

Москвадан Солтүстік Қазақстанға көшірілген «КИМ» заводының тұңғыш өнімі осылай біздің көз алдымызда шығарылды (С.Хайдаров, Азамат сыры).

Қазір спирт өндірісі тек тағамдық, яғни ішімдік ретінде ғана емес, өнеркәсіптің толып жатқан саласына қажетті өнім ретінде де пайдаланылады (Н.Шоқанов, Микроорганизм.).

Олар салық төлеу, жер ақысын төлеу үшін өнеркәсіп товарлары мен астық сатып алу үшін ақшаға мұқтаж болып, өздерінің өндірген өнімдерін рынокқа апарып сатуға мәжбүр болып отыр (ҚазССР тарихы).

4. Түсім, пайда.

Мінезің, түсің жақсы надан дерге,

Артық өнер қиын ба талапты ерге?

Тесілген күні бойы сендей жасты,

Аяймын өнімі жоқ бұл өнерге (Абай, Тол. жин.).