ӨНЕРКӘСІП

lat: ÓNERKÁSİP

зат. 1. Халық шаруашылығының шикізатты өңдейтін және одан жаңа бұйымдар жасайтын саласы; кәсіпорын.

Өскеменнің өзіндік ерекшеліктерін де, өскелең өмірінің жедел қарқынын да анықтайтын ең бірінші байлығы оның күшті өркендеген өнеркәсібі, трубалары аспанмен таласқан алып кәсіпорындары (Ж. Исмағұлов, Адам.).

Бұл жылдары республиканың ауыр өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және ұлттық мәдениеті қарыштап өсті (Қ. Әміров, Өшп. жұлдыз.).

2. экон. Халық шаруашылығының шикізат, отын, энергия өндірумен, ағаш дайындаумен, өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы шикізатын өндіріс құрал-жабдығына, тұтыну заттарына одан әрі өңдеумен (қайта өңдеумен) айналысатын кәсіпорындарды (зауыттарды, фабрикаларды, кеніштерді, шахталарды, электр стансаларын, т.б.) біріктіретін аса маңызды саласы. Үлкен екі топтан тұрады: өндіруші өнеркәсіп мұнай, газ, көмір, шымтезек, тақтатас, тұз, қара және түсті металдардың рудаларын өндіру, ағаш дайындау, энергетикалық шикізат алу, т.б.; өңдеуші өнеркәсіп қара және түсті металдар, қақтама, машиналар мен жабдықтар, химиялық өнімдер, цемент, басқа да құрылыс материалдарын өндіру, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, өнеркәсіптік бұйымдарды жөндеу, т.б. Өнеркәсіп қоғамдық өнім мен ұлттық табыстың басым бөлігі жасалатын материалдық өндіріс (Қаз. тілі термин. Экономика.).