lat: ÓRİK
зат. өс. <лат. armeniaca vulgaris lam> 1. Түсі сары, кішілеу домалақ жеміс беретін ағаш.
Қырында қаптап мал өріп,
Жаңғыртты қайран даланы,
Түстікте пісіп алма, өрік
Жаңартты жайсаң ауаны (Ғ.Қайырбеков, Таулар.).
Құрметтеп шамасынша сыйлау беріп,
Төктірді пісте, бадам, мейіз, өрік (Рүстем-дастан).
2. Раушангүлділер тұқымдасына жататын, биіктігі 5–20 м жеміс ағаштарының туысы.
Өрік шырыны өте пайдалы, онда барлық витаминдер сақталады. Өріктің жемісінде темір бар (Ә.И.Исамбаев,.. Халық мед. пайдал. дәрілік өсімдік.).
Тау қойнауында жабайы алма, өрік, алмұрт, долана, итмұрындар қалың өседі (Б.Мұханов, Қазақст. өсімдік.).
3. бот. Осы ағаштың сары түсті домалақ жемісі.
Өріктің құрамында (орта есеппен) 7–20% (кейбір сорттарында 22%-ке жуық) қант, 2–10 мг % каротин (А провитамині), органикалық қышқылдар, пектин және хош иісті заттар, минералды тұздар (калий, кальций, фосфор) бар (Шаңырақ энцикл.).