ӨРКЕНИЕТ

lat: ÓRKENIET

зат. <лат. civiles> 1. Жабайылықтың орнын басқан, адамзат дамуының жоғарырақ тарихи кезеңі.

Өркениет ұғымы антиктік қоғамның жабайы ортадан сапалық ерекшелігінің анықтамасы ретінде сонау көне дәуірде пайда болды (Мәд.-филос. энцикл. сөздік).

2. Белгілі бір қоғамдық-саяси формацияның, қоғами, мәдени дамуы жағынан көтерілген сатысы.

Ұлан байтақ Евразия даласын мыңдаған жылдар бойы жайлаған көшпелілердің соңғы тұяғы әлемдік өркениеттің өзекті бір саласы көшпелілердің ұлы мәдениеттің заңды мұрагері (Жаңа атаулар).

Өкінішке орай, өркениет дамуымызға байланысты соңғы жылдары ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ата дәстүрдегі ара салмақты аталмыш тәртіптің бұзылу жағдайлары көп кездесуде (Жаңа атаулар).

3. Ішкі және сыртқы ықпалдарға қарамай, белгілі бір көлемді уақыт мөлшерінде өзіндік ерекшеліктерін, тұтастығын сақтаған елдердің, адамдардың тұрақты мәдени-географиялық құрылымы, әлеуметтік қауымдастығы.

Соңғы кездері өркениетке бір аймақта тұратын халықтардың тарихи тағдырластығы, олардың арасындағы ұзақ әрі тығыз мәдени байланыс нәтижесінде әлеуметтік ұйымдасу мен реттелудің этносаралық жергілікті қауымдастығы деген анықтама берілді (ҚҰЭ).

Рим туралы мақала жазуға бола ма? Әрине, болмайды… Әлем өркениетінің бесігі ежелгі Египет десек, Батыс өркениетінің бесігі «Мәңгі қала» атанған осы Рим (С.Абдрахманов, Елдік сыны).

4. Бүкіл жер шарын қамтыған материалдық, рухани және құрылымдық атрибуттары ерекшеленетін қалалық типтегі мәдениет.