ӨРНЕК

lat: ÓRNEK

зат. 1. Әртүрлі үлгімен істелген оюлы бедер, көркемдік түр, әшекей.

Ақындар айтысында “қошқар мүйіз” атты сырмақтар мен «кежім», «қазмойын» атты текеметтер өрнегі ерекше көзге түседі («Қаз. әдеб».).

Өрнекте нақыштау, бұдырлау, бунақтау тәрізді түрліше тәсілдер қолданылады (Қаз. тілі термин. Педагогика.).

Өнерпаз, міне нағыз, міне кесте!

Қарашы шешек атқан гүл емес пе?

Шебер қол ақ жібекке өрнек салған,

Бір қымбат нәрсе екен-ау жүрер есте (3. Шүкіров, Арал толқын.).

2. ауыс. Нақыш, әшекей, сән. Көп жерлерде айтылып жүргендей емес, Қадишаның аузынан шыққан ән жаңа бір өрнек, кесте тапқандай, әннің әр сөзін мағынасына қарай терең, ойлы сезіммен айтады (С. Жүнісов, Ақан сері).

Роза Бағланова: «Халық әндері әсем әуенімен, образды, кестелі сөзімен, жарасымды ұлттық өрнегімен қымбат», дейді («Қаз. әдеб».).

Жаздың да, қыстың да өзіндік өрнегі бар, өз мәні мен сәні бар (Қ.Ұябаев, Қырдағы қырандар).

Өрнегін салып өмірге, кестесін салып көңілге, Табиғат шебер жайғапты (Ө.Тұрманжанов, Менің кітабым).

3. ауыс. Үлгі, өнеге, тәлім.

Бала туса, күзетер шілдехана,

Олар да өлең айтар шулап жаңа.

Бұрынғы жақсылардан өрнек қалған,

Биде тақпақ, мақал бар байқап қара (Абай, Тол. жин.).

Әділ мырза, ер болып,

Әлемге жайған өрнекті.

Тәубесін еске түсіріп,

Тентекті тыйып жерлепті (Абай, Тол. жин.).

Ел-жұртың ескіртпейді еңбегіңді, ұрпақтар ұмытпайды үлгі, өрнегіңді.

Орнымнан үш ұмтылып тұра алмадым

Газеттен бір-ақ көріп өлгеніңді (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).