lat: ÓSIET
зат. 1. Жасы үлкен немесе парасатты, білімді, тәжірибелі адам тарапынан өзінен кейінгілерге, жасы кішілерге айтылатын ақыл, кеңес, ғибрат, үлгі, өнеге.
Абай ұғарлық, ойланарлық сана барау деген кісілерге өсиет, ақыл айтып, ұстаздық етеді (М.Әуезов, Әр жыл.).
Жаназама пәлен мал шығар, пәлендей малды пәленшеге беріңдер деген сықылды өсиет қылмаса дегенім ғой (Ж.Аймауытов, Шығ.).
Хосе Мартиннің айтқан нақыл сөздері, қаһаржан ұрандары, өлеңдері өшпес өсиет ретінде халық аузында (Б.Момышұлы, Шығ.).
Бұл – өсиет, өнеге айту, ақыл, кеңес беру, жасы кішіге үлкеннің өмір тәжірибесін ұсынуы (М.Әлімбаев, Өрнекті.).
Ұлы бабаның өсиетіне бәрі де адал болған секілді (Б.Мұқаев, Жалғыз жаяу).
Жазығың сол атамыз қазақтың «бір күн қарны ашқан кісіден қырық күнге дейін ақыл сұрама» деген өсиетін білмегендігің (Ә.Әбішев, Үлкен жолда).
Жаңа жыл алаулаған тұр өңімде, Атаның өсиетінде, тілегінде. Күніге жүз айналып-толғанатын Ананың Жаңа жыл бар жүрегінде (Т.Айбергенов, Мен. ғашық.).
2. заң. < ағыл. will; testament> Мүлік, құндылықтар, ақшалай салымдар иесінің өзі қайтыс болған жағдайда бұлардың кімнің иелігіне берілуге тиіс екендігі туралы қолданыстағы заңнамаға сәйкес жазылып, нотариалдық жолмен расталған жазбаша өкімі.
Қалыптасқан құқық бойынша әрбір азамат өсиет жазып, өзінің мүліктерінің барлығын немесе оның бөлігін, заң жүзінде мұрагерлер санатына жататын-жатпайтынына қарамастан, бір немесе бірнеше адамға, сондай-ақ, мемлекетке, не жекелеген мемлекеттік, қоғамдық, т.б. ұйымдарға қалдыра алады (Заңи термин. түс. сөздігі).