ӨТУ

lat: ÓTÝ

Өт етістігінің қимыл атауы.

1. Бір жағадан екінші жағаға шығу.

Бір кезде айтты вожатый:

Осы арада жоқ өткел.

Алдыменен өтуге

Кім қылады тәуекел (О.Шипин, Дастан.).

Біздің әскерлерге немістің алғы шебін алу үшін Тигода өзенінен өту керек болды (С.Мәуленов, Шыңдағы.).

Өр өзеннен өтуге кім береді қайықты,

Кім бар бізді түсінер, қане, кім бар байыпты?

Ал қайықшы қиқар шал

Жалынғанмен не бітті?

Қайығына қабаған итін байлап кетіпті! (М.Шаханов, Ғасыр.).

2. Жүру, жүзеге асу.

Эндогендік және экзогендік процестердің жаппай барлық орында қатарынан өтуінің нәтижесінде Жердің қазіргі бейнесі қалыптасты (К.Сапарбайұлы Геология және гидрогеология.).

3. Жылжу, уақыттың ауысуы.

Өтудесің, өтесің замандарым,

Құпиям көп ұқпаған, түсінбеген.

Әкем менің жек көрген адамдарын

«Жалыны жоқ сорлы» деп мүсіркеген (М.Шаханов, Ғасыр.).

4. Бір жерден екінші жерге жету, қозғалу.

Ой мен қырдан орғып өту арқылы

Қалды бәлкім көзінде оттар жарқылы.

Мұны айтқанда мың тұлпар боп жүрегің,

Дүбір салып жатқанын да білемін (Т.Айбергенов, Мен. ғашық.).

5. ауыс. Мүшелікке алыну.

Комсомолға өту жас өспірімнің өміріндегі үлкен оқиға (Семья тәрбиесі).

// әск. Сарбаздардың, жеке топтардың немесе жаяу әскер (мотожаяу әскер), әскери десант немесе аэромобильді әскерлердің қарсыластың орналасқан жеріне жасырын енуден тұратын әскерлердің іс-әрекет тәсілі.

 Өту қарсыластың маңызды объектілерін (тірек пунктін, өткелін, зымырандық қондырғысын, басқару пунктін, қару-жарақ қоймасын және с. с.) басып алу және ұстау немесе жою, барлау жүргізу, торуыл құру, қарсыласты “титықтату" мақсатында шабуылдау үшін қолданылады (Қаз. тілі термин. Әскери.).