lat: ÓTKEL
1 зат. 1. Судан (өзеннен) кешіп, арғы бетке өтетін таяз жер.
Есілде бүгінгідей көпірлер жоқ. Өзеннен өткел іздеп, біраз әуреленді (Т.Әлімқұлов, Сырлы.).
Елесбай аулына қарай өтетін өткел таба алмай,
Ащылы өзектің бойын жағалап келеміз (А.Байтуғанов, Шопан.).
2. ауыс. Ауыр жағдай, қиын іс, тар кезең; қиыншылық.
– Ертең ұран шақырылған күні аталған жерге түгел жиыл.Осы өткелден өтпей тыныштық жоқ, мал дүние арам, – деді Серікбай (М.Әуезов, Қилы заман).
Жеткіз жұртқа бүгінін, өткендерін,
Қысын, күзін, жазы мен көктемдерін.
Жадында тұтсын ұрпақ, жасырмай айт:
Ақтабан шұбырынды өткелдерін,
Аруды арам жандар өпкендерін,
Боз інген ботасы өлген бой жаза алмай,
"Елім-ай" Аруана шөккен жерін (М.Мақатаев, Шығ.).
Арада қаншама асу-асу белдер, қиын-қыстау өткелдер қалды, ел басынан қандай ауыр оқиғалар кешті! (М.Қаратаев, Туған әдеб.).
Ал Қазыбай Тілеуқабаков болса, о да сан өткелден өткен, сан қиындықты жеңген адам (I.Есенберлин, Көлеңке.).
Сен әлі күн нұрысың шашылмаған,
Сен әлі жер гүлісің ашылмаған.
Сен әлі хабарың жоқ сәби жансың
Алдағы өткелдерден, асулардан (С.Мәуленов, Алыс кет.).
Онан соң сені өткелде көрдім, өрде мен,
Тереңін толқын тербеген.
Сондағы сотқар, тебіренген ағыс мен саған
Өтуге мұрша бермеген... (Т.Айбергенов, Мен. ғашық.).
3. әск. Әскерлердің су кедергілерінен өтуі кезінде пайдаланылатын өзеннің, көлдің бір телімі.
Өткел – әскер колонналарын олардың қару-жарағымен және ұрыс техникасымен қоса өткізу өткелдің негізгі түрі болып табылады (ҚСЭ).
4. тех. Жол қозғалысы ағынынан жүргіншіге еркін өтуге мүмкіндік беретін жол телімі.
Транспорт тасқынын азайту, бір көшенің екінші көшеден көтеріңкі өтуі, жаяу жүргіншілер үшін жер астынан және жер үстінен өткелдер жасау, транспорттың аялдамай қозғалуы шуды кемітуге септігін тигізеді. (Т.Қалыбеков. Экология.).