lat: ÓZİNDİK
сын. 1. Өзіне ғана тән; дербес, жеке.
Тарихи деректерге қарай отырып, ежелгі қазақ халқының өзіндік мәдениеті болғанын көреміз (Д.Досжанов, Құм жұтқан.).
Олар өздерінің қолтаңбаларын, өзіндік бетін таныта бастаған өнер иелері (Ш.Сариев, Арайла.).
Өзіндік тарихы, өзіндік шежіресі бар бай өлке (Ұ.Бағаев, Жан сұлулығы).
2. Өзіне жетерлік, өзіне лайық.
Жуырда Мәскеуде он жылдығы атап өтілген тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы кеңестен кейінгі кеңістікте құрылған егемен мемлекеттердің өзіндік орын алатындығы сөзсіз (“Егемен Қазақстан”).
Ірі қара жайылып кеткен жерлерден де қой, қашан болса да, өзіндік шөп тауып жей алады (М.Ермеков, Қазақст.).
Осылардың айтқанына бола, мойыныңа су кетпесін! Сенің де өзіндік ақылың бар (Ә.Әлішев, Батыр.).
Ол жаққа ертерек кезде кәсіп іздеп барып тұрып қалған. Сол жақта ол кісі балалы-шағалы, өзіндік аты, абыройы болған (С.Бегалин, Замана белестері).
3. ауыс. Сөзін сөйлейтін, сенімді (адам).
Ол Бекетке жегуіне сегіз ат, сауынына бес құлынды бие беріп, өзіндік етіп алған-ды (Д.Әбілев, Арман.).