lat: ÓZİNEN-ÓZİ
үст. 1. Қараптан-қарап тұрып, жайдан-жай.
Сол шешілсе, өзгенің бәрі өзінен-өзі шешілгелі тұр (М.Әуезов, Абай жолы).
Сөйлеген сайын өзінен-өзі қызған секілденіп, даусы ашылып, қимылы көбейіп келеді (Ж.Аймауытов, Шығ.).
Даланы қараңғылық басқанда Рахмет өзінен-өзі жылап жіберді (С.Ерубаев, Менің құрдас.).
Теміреткі балада болса, ол емделмесе де, көптеген жағдайда өзінен-өзі жазылып кетеді (О.Бердібаев, Таз тақиядан.).
2. Айтпаса да, онсыз да.
Жоғарыда айтылған сөз тек кино өнері қайраткерлеріне ғана емес, бізге – жазушыларға да тіреп айтылған сөз екені өзінен-өзі белгілі (Ғ.Мүсірепов, Суреткер.).
Сонда бұл аттардың қалай қойылғаны өзінен-өзі түсінікті болмай ма?! (А.Машанов, Жер асты.).