lat: ÓZEK
2 [Medulla] зат. 1. Өсімдік сабағы мен тамырының ортасындағы жұмсақтау бөлік, жіңішке қуыс.
Алмалардың қабығын аршиды, өзегінен айырады, лимон шырынын себеді, ішіне бадам мен құрғақ жеміс қосындысын салады. Маймен сылаған формаға аударады («Парасат»).
Ағаштарға да мәңгі жасау жоқ. Өзегін құрт жеп, тамырына зақым тиіп, бір күні жерді қопара құлайды (Б. Момышұлы, Офицер.).
Ағаштың ішінде борпылдақ клеткалардан тұратын, керегесі жұқа өзегі болады (Ж. Әбиев, Биология.).
Олар әсіресе өсіп келе жатқан өсімдік көгіне қауіпті зиян келтіреді, жапырақтарын кеміріп теседі, өзегін жейді (Агроном. анықтама.).
Қызғылт шірік ауруы зақымдаған собықтар шіриді. Дәнінде, собықтың өзектерінде, қабығында және аталық талшығында саңырауқұлақтың қызарған ұлпалары пайда болады (Ж.Жиенбаев, Жүгеріні аурудан сақтау жолдары).
2. Қамшы өрімінің арасына салынатын ұзынша қатты зат (қорғасын, қайыс т.б.).
Науан қарсы шапты. Бұның қолындағы қаруы бұзау тіс қамшы. Осындай төбелеске лайықтап өзегіне қорғасын құйып өргізген (Ә. Нұрпейісов, Қан мен тер).
– Анау жатқан қайыстың жұрқасын әперші, қамшының өзегіне салып жіберейін (Д. Досжанов, Құм жұтқан.).
Ал ішіне өзек салып, алақанын тоқыма өрімімен жалпақтап келтірген дойыр, дырау, бұзау тіс, дембел қамшылар ұрған жерін кесіп түседі (С. Қасиманов, Қаз. қолөнері).
Алты серкеш терісін, таспа қылып тілдірген.
Асау өгіз терісін Өзек етіп ілдірген
, Өзегін үш ай кердірген (Манас, ІІІ т.).
3. ауыс. Бір нәрсенің негізі, арқауы; желісі.
Сөз жоқ, бұлардың негізгі өзегі – Алаш қозғалысы екендігі даусыз (М.Қозыбаев, Өркениет және ұлт).
Атақты комбайншының егін даласындағы ерлік істері, қажырлы қайраты – өлеңдерге өзек, дастандарға желі (С. Мәуленов, Жер нәрі).
Жырымның өзегі де, арқауы да Жырланбай жүрген жас пен қарт ауылда. Дем беріп, тіл тиегін кетті ағытып, Бір тойдың басталуы, тарқауы да (А. Байтуғанов, Кең жайлау).
Әңгіме өзегі үзілмеді, онан әрі жалғаса берді (Ә. Қалмырзаев, Ар).
4. [Scapus] Құс қауырсынының негізгі бөлігі.
Өзектің желпуіш не пәр бекитін жоғарғы үлкен бөлімі сабақ (rachus), ал желпуіші жоқ төменгі бөлімі – қалам (calamus) деп аталады (Қаз. тілі термин. Биология).