lat: ÚIRENÝ
Үйрен етістігінің қимыл атауы.
1. Білмегенді басқадан біліп алу, көңілге тоқу.
Бұл тілдің үйренуге оңайлығы сонша: егер бірнеше ай көңіл беріп үйренген кісі өзінің ана тіліндей болып шығады (М.Дулатов, Шығ.)
Тарихта қай сөз қалды тарамаған?
Қара сөз қала берсін жарамаған,
Қайғылы қазақ елін сөз етейін,
Паш болып бұрын жұртқа тарамаған,
Адамзатқа әр нәрсе үйрену жөн,
Шырылдап түскеннен соң шаранадан (Ә.Найманбаев, Шығ.)
Төраға орынбасарының айтуынша, қызметкерлердің тілді меңгеру дайындығының жеткілікті болмауы, қазақ тілін оқытуда қолданылатын қазіргі заманға сай әдістемелердің, арнайы әдебиеттердің тапшылығы, бірыңғай аударма стилінің қалыптаспауы, сөздіктердің жеткіліксіздігі, ақпарат технологиялары саласына қазақ тілін ендіруге ықпал ететін мемлекеттік стандарттардың болмауы қаржыгерлердің қазақ тілін үйренуге кедергі келтіретін көрінеді («Жас Алаш»)
2. Бой үйрету, дағдылану, көндігу.
Күзгі ауадай құбылды көңіл күйім,
Уға, шуға, суға да толды миым.
Бәріне де үйрендім, қонағы жоқ,
Кештеріме үйрену болды қиын (Т.Молдағалиев, Шақырады.)
Әсем тон да жамылдым, сеңсең ішік.
Талатындай қанатым керсем ұшып.
Бәріне де үйрендім, егделікке,
Үйренудің қиын-ай, еңсең түсіп (Т.Молдағалиев, Шақырады.)
3. пед. Адамның белгілі бір білім жүйелерін, тиісті қимыл-қозғалыстар мен амалдарды меңгере алуы. Үйренудің адам мен жануарларға ортақ негізгі үш түрі бар: сенсор, матор, сенсомотор. Адамға ғана тән үйренудің түрін когнитивтік үйрену деп атайды (Қаз. тілі термин. Педагогика.)
Сенсорлық үйрену арқылы: білім, маторлық үйренумен – дағды қалыптасады (Қаз. тілі термин. Педагогика.)