ҮЙРЕТУШІ

lat: ÚIRETÝSHİ

зат. 1. Білмегенді білдіруші, оқытушы.

Үйретушім сен болған екенсің ғой (Р.Тоқтаров, Ертіс.)

Оқушының (студенттің т.б.) белгілі бір пәннен немесе өнердің бір саласынан білімін толықтыра түсуге ақы алып жәрдемдесетін адам.

Баласы жан-жақты жарасымды өсуі үшін түрлі үйірмелерге жаздырып, үйретуші жалдап, шет тілдерін білуге баулып жүрген кей ата-ананың ең басты міндеттерін өз ана тілін үйретуді қағыс қалдыратыны қынжылтады (“Қазақст. әйелд.”)

2. Асау малды ырыққа көндіруші.

Ат асаусыған кездегі ең жақсы ем оған қамшыны баса беру, асау үйретушілердің осы әуесін талай көргенім бар (Н.Ғабдуллин, Сар. жапырақ)

Әуелде Мұса ат қораға Кәрімнің көптен ат үйретушісі боп келген қазақ жігітімен еріп кіріп жүрді (З.Ақышев, Жаяу Мұса)

3. Үгіттеуші, уағыздаушы.

Олар (ұйғырлар да) моңғол нәсілді болса да, бұларға жат көрініпті. Сол уақытта арабтан Орта Азияға дін исламды үйретушілер көп әскермен келіп, халықты жаңа дінге қаратып жүргендерінде Құтайба атты кісі Қашқарға шейін келіп, халықты исламға көндіргенде, бұлар да мұсылман болдық депті (Абай, Тол. жин.)

4. Жаттықтырушы, машықтандырушы.