lat: ÚISHİK
зат. 1. Уақытша жасалған аласа, шағын, кішкене үй.
Жатқан жайлары – жұқа тақтайлардан оңай ғана жасай салған аласа үйшіктер (С.Сейфуллин, Шығ.)
Сұлу жаздың лебізі,
Қар түгіл мұзды балқытар.
Көл, өзенін, теңізін
Ойнатар бәрін, шалқытар.
Төл үйдегі үйшікті
Таста бала, белді бу.
Белден батып күртікке
Енді ізде қызыл су (М.Жұмабаев, Шығ.)
Маңайындағы қоңсы-қолаңның үйлері үй емес, үйшік (С.Мұқанов, Аққан жұлдыз)
2. Ит, құс және т.б. аң-құстардың тұрағы, жатағы.
Қаншығым күшіктеді күні кеше,
Ал сонан, аямайын керегінше!
Бірталай, үйшік толған күшігі бар,
Ішінен табылатын қандай десе (А.Байтұрсынов, Шығ.)
Арсылдаған шынжырдағы төбеттей,
Көрдей суық үйшігінде күнелтіп,
Құр су ішіп, қиқым нанды қорек қып,
Ұзақ түнде ұйқы көрмей дамыл жоқ
Жүгіреді – үреді де жүреді (Ж.Аймауытов, Шығ.)
Үйшіктегі қарны ашқан қошақандар “мә-мә” деп зарлап тұр (М.Жұмабаев, Шығ.)
Ол қабаған төрт көз итін үйшігіне қамап қойыпты (Д.Досжанов, Кісі.)
Оның арқасына бір үйшік секілді нәрсе орнатып, біраз мініп те жүрді (М.Дулатов, Шығ.)
3. Қабадан аудың балық кіру үшін жасаған қуыстары. Бір қабаданның екі басында үш-үштен алты үйшігіболады (Қазақ. тілі. аймақ. сөздігі)