lat: ÚLES
2 ет. 1. Белгілі бір нәрсені әркімге тарату, бөліп беру.
Қызығын көрмей, қып-қызыл бейнетін тартып келген малды қалай қолдан үлесесің? (Р.Тоқтаров, Тұлпар.)
Есік алды балық үлесіп жатқандай, у-шу (Т.Дәуренбеков, Шекісу.)
2. Тиесілі үлесін, сыбағасын бөліп алу.
Әркім өзіне бір-бір міндет үлесіп, жан-жаққа жүріп кетті (Ә.Қалмырзаев, Қарлығаш)
Бұл жастық қой білемін, таныс жайды,
Махаббат бейуақытта табыспайды.
Махаббатты үлкендер үлесіп ап,
Жастықты інілерге табыстайды (М.Мақатаев, Шығ.)
Ақшаны төбедей ғып үйіп қойып,
Үлесіп отыр еді шуылдасып (А.Байтұрсынов, Шығ.)
3. ауыс. Пікір алысу, түсінісу.
Жүректе көп қазына бар, бәрі жақсы,
Теңіздің түбіндей-ақ, қарап бақшы.
Сол жүректен жылылық, достықпенен
Бұлақша ағып ғаламға тарамақшы.
Жан шөлдер өзіңдеймін танысқанша,
Бірінен бірі үлесіп алысқанша.
Құмарланар, сүйсінер жүрек тауып,
Қытықсыз қызықпенен бас қосқанша (Қаз. тілі аймақ. сөздігі).