ҮШІНШІ

lat: ÚSHİNSHİ

сан. 1. Екіден жоғары реттік сан.

Ү ш і н ш і сөзді саған үйретпеймін, Алдыңғы екі сөзді ұқпай қалдың (Шәкәрім, Өлеңд.).

Үшінші қыстауда Оспанның кіші әйелі Торымбала бар (М.Әуезов, Абай.).

Мен жатқалы Ақбаянның осымен үшінші рет келуі (I.Есенберлин, Алтын құс).

Бесқыраннан жазық дала жасау үшін бес экскаватордың және басқа машиналардың келгеніне бүгін үшінші күн (Е.Қалиев, Рудный.).

//Үшінші ретте, үшінші кезекте.

Бір жеңіс, екі жеңіс дәмін татқан,

Амал не, үшіншіде қаза тапқан,

Егіздің сыңары еді ер Махамбет

Содан соң аза күйін аңыратқан! (Ғ.Қайырбеков, Көнсадақ).

Қауіпті со бір қарсаңда

Бір өтер, Мүмкін екі өтер.

Болаттай берік болсаң да

Үшіншісінде әкетер (Қ.Мырзалиев, Мәңгі.).

2. Айтатын не жазатын ойын жүйелеп, санамалағанда, сөзін салмақтау үшін қыстырма сөз ретінде айтылады.

Екінші шартым, аузыңнан

Шыққан сөзден танбайсың!

Үшінші, шашты алғанда,

Не көрсең де басымнан

Тірі жанға айтпайсың (Дулат Бабатайұлы, Замана.).