Үндестік заңы

lat: Úndestik zańy.

лингв. Сөз ішіндегі дауыстылардың бірыңғай не жуан, не жіңішке болып әуендесіп (үндесіп) айтылуы; сингармонизм.

Үндестік заңы барлық түркі тілдерінде бірдей емес, мысалы, қазіргі өзбек тілінде ол заң сақталмайды, ал қазақ, қырғыз т. б. тілдердің фонетика жүйесінен елеулі орын алады (ҚСЭ).

Үндестік заңы сөзді бастан-аяқ біркелкі әуезбен айту, сөздің өн бойында біркелкі әуезді сақтап айту («Қаз. тілі энц.).

Үндестік заңы сөздің құрамындағы дыбыстар (буындар) тілдің қатысына қарай жуан-жіңішке, еріннің қатысына қарай еріндік-езулік болып үндеседі («Қаз. тілі энц.»).

Сөздің құрылымындағы дыбыстардың (дауысты болсын, дауыссыз болсын) біркелкі жуан, біркелкі жіңішке айтылуында фонологиялық мән бар (Қ.Жұбанов, Н.А.Баскаков, Ә.Жүнісбек).

Ендеше сөздің айтылу үлгісін сақтап, оның мағынасын ұғуда үндестік заңының тікелей қатысы бар (Қаз. тілі энц.).