УЕЗД

lat: Ýez

зат. Елімізді облыстар мен аудандарға бөлуден бұрын Россияда болған, губерния немесе басқа ірі аймақтарға бағынатын, әкімшілік территориялық бөлік.

Арша ағаш, қызыл ағаш, көкше терек,

Жиһанда не нәрсе бар жанға керек?

Хазіретке осы ағаштың тұқымдарын

Уезд бен Губернатор берген бөлек (Кердері Әбубәкір, Қазағым.).

Уезд халықтың рәсімінен тысқары кетпей, адамгершілікке тиісті жолмен хүкім етуге ерікті болды (А.Байтұрсынұлы, Жаңа низам.).

Мен қазір уезд начальнигіне жетіп, саған көмекке бірнеше полицейскийлер жеткіземін (М.Әуезов, Абай жолы).

Міне, біздің торғай һәм Ырғыз уездерінен 15-20-шы октябрьден бастап кісі алынбақшы еді, жастар келмейді. Сондықтан елге неше мың әскер зеңбірек, пулеметпен шығып тұр. Жақсылықпен көнбесеңдер, “патша жарлығына мойын ұсынбағандық законге қарсылық”, деп күш жұмсамақ. Бұл анық. (М.Дулатов, Шығ.).

Қасым. Торғай облысы Қостанай уезді, Қарабалық болысы, 7-ауыл (М.Дулатов, Шығ.).

192-ші статьяда айтылған, жер бекітетін актіге жазылады: губерна, уезд, болыс,селение (Ә.Бөкейханов, Шығ.).

-Я, бар екен Қапал уезінде,-дейді (М.Дулатов, Шығ.).

Бұлар екі уездің жер шекарасын ашуға төреші боп келген әкімдер еді (А.Тоқмағамбетов, Жыр.).

Торғайдың хабар келіп уездіне,

Алаштың шақырылдық съезіне,

Тілегін қай тараптың тілер екен,

Бұзылса, деді батыр кінә өзінде (Н.Ахметбеков, Жасауыл.).