ІБІЛІС

lat: İBİLİS

Иблис ("албасты", "шайтан деген грек сөзі) діни ұғымда көктен қуылып, адамдарды Алланың ақ жолынан тайдыратын, күнәға ұшырататын перінің есімі. Ібілісті басқаша шайтан (шайтандардың барлық қара ниеттердің басшысы), "Алланың жауы" немесе жай ғана "дұшпан" деп атайды. Әдетте мұсылмандардың сиынулары шайтанға қарсы сөздерден басталады.

Раджим "таспен атқыланған” (күнәлі немесе ақ жолдан тайған) Құранда жиі кездесетін Ібіліске байланысты қолданылатын эпитет. Ібіліске қарсы дұға Құранның соңғы сүрелерінде келтірілген. Құран сөзінде Ібіліс Алланың тілін алмаған, Адаматаның алдында тізе бүгуден бас тартып “Мен одан артықпын; Сен мені оттан, оны топырақтан жаратқансың" деп қарсы шықты. Міне осы әрекеті үшін ол көктен қуылып, тозақ отына түсуге ұйғарылды. Алайда, Ібіліс Алладан жазасын Қиямет қайымға дейін кешіктіруін жалбарынып сұрады және ол өзіне іштей Аллаға жерде қастық істеуге және адамдарды теріс жолға азғыруға уәде берді. Ібіліс өзінің Адамнан жоғары екендігін дәлелдеу үшін, алғашқы пенде Адаматаны да азғырды. Жұмаққа кіріп алған ол Адамата мен Хауананы Алланы тыңдамауға иландырды. Ібіліс пайғамбарларды жолдан тайдыруға әрекет жасады. Ол Мұхаммедтің оқуына да үнемі кедергі жасап отырған.

Құраннан кейінгі аңыздарда Ібілістің көктен құлағанға дейінгі тарихының әр түрлі жолдары арқау болған. Онда Ібілісті аты Әзәзіл немесе әл-Харис екендігі, оның жерге жындардың бүлікшілігін басу үшін жіберілгендігі айтылады. Өзінің жеңісіне масаттанған, өзін әлемнің әміршісі сезінген ол Алланың жарлығына бағынбай кетеді. Ібілістің тарихына байланысты дін ілімі әдебиеттерінде негізінен Құдайдың құдіреттілігі мен алдын ала болжаудың басты мәселелеріне байланысты қағидалар талқыланған. Алланы тыңдамай, қарсылық көрсеткен Ібілістің ісіндегі қарама-қайшылықтарды жою үшін оны Алла адамдарды сынау үшін жіберген деп жариялады. Әсіресе, оның Алланың алдындағы әлсіздігі баса көрсетілді. Адаматаға бағынудан бас тартуының өзекті мәселелері де талқыланды, Құранда атап көрсетілгендей ол періште емес, көкке көтерілген жын, сондықтан да аспанда өзін жынша ұстады деп түсіндірілді. Бірқатар сопылар ұстанған тағы бір түсініктеме бар. Оған сенсек Ібіліс Алладан өзге біреуге сенуді Құдайға құлшылық етуді тану деп білген де, сол арқылы өзінің Алла алдында күнәсіздігін дәлелдеген, бірақ та Алланың сынағына шыдамаған.

Арабияда Ібіліс бейнесі Құранға дейін-ақ яһуди-христианцардың арасында белгілі болған, оның Ібіліс немесе шайтан деген атаулары содан шыққан. Мұсылмандыққа дейінгі ақындар шығармаларында Ібіліс немесе шайтан туралы тармақтар бар. Соның біреуі Адаматамен байланысты. Шайтан сөзі Арабияда “жылан" мағынасында белгілі болған. Сондай-ақ ол адам аттары мен рутайпа атауларында жиі кездеседі. Құранның соңғы сүрелеріндегі аяттар мұсылманшылыққа дейінгі мейірімсіз рухтарға қарсы дұғаларға өте ұқсас. Құранға сүйенсек меккеліктер Мұхаммедтің діни уағыздарын “таспен атылған шайтанды" дегеніне көндіру деп жариялаған. Алланың дұшпаны ретінде шайтан Мұхаммедтің діни ілімін жоққа шығару үшін келген. Ібілістің тарихы адамдардың дүниеге сенімсіздікпен қарауына және әлемдегі жалпы жауыздыққа көзқарастарына қалыптасуына ықпал етті.